«Кәсіподақ десанты» жобасы аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев Түркістан облысы кәсіподақтары аумақтық бірлестігінің үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысты.
Іс-шараға облыстың салалық кәсіподақ төрағаларымен қатар әлеуметтік әріптестер – Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Амангелді Әліш, Түркістан аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының орынбасары Нұржан Нұржанов қатысты.
Отырыс барысында қатысушылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жұмысшы мамандықтар жылын жариялау туралы» Жарлығын іске асыру және Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығын атап өту мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар кәсіподақтардың басты бағыттары, еңбек саласындағы негізгі қағидаттар мен құқықтарды жүзеге асыру мақсатында әлеуметтік әріптестікті нығайту, еңбек жағдайларын жақсарту, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, лайықты жалақыға қол жеткізу, өңірдегі өндірістік жарақаттанудың жай-күйі мен облыс аумағындағы жалақы қарыздары секілді маңызды мәселелерді қарастырды.
«Біздің мақсатымыз – әрбір жұмысшының лайықты жалақы алып, қауіпсіз еңбек жағдайында жұмыс істеуі үшін нақты қадамдар жасау. Сондай-ақ жалақы бойынша берешектің алдын алу, жұмысшылардың әлеуметтік құқықтарын қорғауды күшейту маңызды. Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының 120 жылдық тарихы бар. Осы жылдар ішінде біз еңбек құқықтарын қорғауда үлкен жетістіктерге жеттік. Бүгінгі таңда кәсіподақтар еңбек саласына жаңалықтарды енгізу, еңбеккерлердің заңды құқықтарын қорғау, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында тұрақты жұмыс жүргізуде. Түркістан облысының кәсіподақ ұйымдары әлеуметтік әріптестермен бірлесе отырып, осы бағытта белсенді жұмыс жасап, еңбекшілердің мүддесін қорғауда жоғары нәтижелерге қол жеткізеді деген сенімдемін», – деді Нұрлан Өтешев.
Әлеуметтік әріптестер әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында өз пікірлері мен ұсыныстарын білдірді.