ҚРКФ төрағасы: «Кәсіподақтар болмаса, қызметкерлердің көптеген құқықтары болмас еді»

Дүйсенбі, 24 ақпанда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Алматы қаласына жұмыс сапары барысында оңтүстік мегаполистің аумақтық кәсіподақтарының Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысты.

Алматы Кәсіподақ орталығының төрағасы Зауреш Өмірбаева аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің қызметі және алдағы жылға қойылған міндеттердің орындалуына тоқталды.

«Біздің кәсіподақ орталығымыз жұмыскерлердің еңбек және әлеуметтікэкономикалық мүдделерін қорғау мәселелері бойынша өз жұмысын қаланың кәсіподақ белсенділері мен кәсіподақ ұйымдары арқылы жүзеге асырады. Кәсіподақтар жұмыс істейтін барлық кәсіпорындарда әлеуметтік-еңбек саласындағы жағдайға күнделікті мониторинг жүргізіледі. Бүгінгі күні кәсіподақтарымыз бар кәсіпорындарда әлеуметтік шиеленістің туындау қаупі жоқ: жалақы уақытылы төленеді, кәсіпорындардағы еңбек қатынастары кәсіподақтардың бақылауында», – деді Зәуреш Өмірбаева.

Ал, Алматы қаласындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда салалық кәсіподақтардың 9 филиалына және 6 жергілікті кәсіподақ ұйымына біріктірілген 705 бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Олардың жұмысын Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі үйлестіріп, біріктіреді. Қазіргі таңда 100 мыңға жуық кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық мүдделері мен еңбек құқықтары кәсіподақтардың қорғауына алынды.

Қалалық жергілікті «Ұстаз» кәсіподақ ұйымының төрағасы Серікжан Байғұттинов пен «Қызмет» салалық кәсіподақ бірлестігінің төрағасы Данагүл Айнақұлова кәсіподақ ұйымдарының қызметі туралы баяндады.

Отырыс барысында ҚРКФ төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмагелдиева ҚРКФ нормативтік қызметінің мәселелеріне, Кәсіподақтар федерациясының еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру, еңбекті қорғау мәселелерінде қоғамдық бақылауды күшейту, техникалық инспекторлардың заңнамалық деңгейде өкілеттіктерін кеңейту және т.б. бастамаларына тоқталды.

Өз кезегінде ҚРКФ Медиа орталығының директоры Гүлмира Қаракөзова кездесуге қатысушылардың назарын ақпараттандыру мен кәсіподақ қызметін ілгерілетудің маңыздылығына аударды.

Келешек ҚРКФ жастар кеңесінің төрағасы Аян Сәлімгереев әріптестерін жастардың кәсіподақтық бастамаларын дамытуға және қолдауға шақырды.

Жиынға қатысушылар – қалалық бастауыш кәсіподақ ұйымдарының өкілдері ҚРКФ басшылығына өз сұрақтары мен ұсыныстарын білдірді.

Сұрақтарға жауап бере отырып және кәсіподақ белсенділерімен диалогты жалғастыра отырып, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин осындай кездесулер кәсіподақтардың қатардағы мүшелерімен тікелей байланыс орнатудың тұрақты арнасына айналғанын атап өтті.

«Мұндай кездесулердің әрқайсысы бізге болып жатқан оқиғалардан хабардар болуға, өзекті мәселелерге жедел ден қоюға, мәселелердің шешімін бірлесіп табуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда бастауыш ұйымдардың төрағалары өздерін қалай позициялайтыны өте маңызды. Себебі олар – Қазақстанның кәсіподақ жүйесіндегі ең маңызды адамдар. Мен бастауыш ұйымдардың төрағаларына өте ризамын. Бұл адамдар – күн сайын алдыңғы қатарда болатын, күн сайынғы мәселелерге қарсы тұрып, оларды шешу үшін күн сайын жұмыс істейтін адамдар. Сондықтан кәсіподақ көшбасшыларын оқытуды тұрақты жүргізу, кәсіподақ қызметкерлерінің біліктілігін арттыру – ҚРКФ қызметінің басты бағыттарының бірі», – деп атап өтті ҚРКФ төрағасы.

Адамзат тарихындағы кәсіподақтардың рөлі туралы айта келе, Сатыбалды Дәулеталин нақты мысалдар келтірді.

«Кәсіподақ – 120 жылдық тарихы бар және кез келген, тіпті ең қиын өмірлік жағдайда көмекке келуге дайын азаматтық қоғамның маңызды бөлігі. Кәсіподақтар өздерінің маңыздылығын, заман көшіне ілесу қабілетін нанымды түрде дәлелдеді. Егер кәсіподақтар болмаса, жұмысшылар бүгінгі таңда қалыпты болып қалған көптеген құқықтарға ие болмас еді: сегіз сағаттық жұмыс күні және 40 сағаттық жұмыс аптасы; үстеме жұмыс үшін өтемақы; жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы; ақылы еңбек демалысы; декреттік және бала күтімі бойынша ақылы демалыс; еңбек зейнетақысы және т.б. Бұл кепілдіктерге кәсіподақтар арқасында жеттік десек, артық болмас», деді ҚРКФ басшысы.

Оның айтуынша, Кәсіподақтар федерациясы мен оның мүше ұйымдары нормаларды белгілеу іс-шараларына, оның ішінде өңірлік деңгейде  қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау жүйесін жетілдіру бойынша жұмысты жалғастыруда.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Бұл Еңбек адамын қолдаудың маңызды қадамы және ол оның пайдалы еңбегін құрметтеу мен танудан басталады. «Жұмысшы» термині бірте-бірте өткеннің еншісіне айналып барады. Бүгінгі таңда «жоғары білікті мамандар» туралы айту өзектірек. Кәсіподақтар қоғамда жұмысшы мамандықтарын дұрыс қабылдау үшін кәсіптік бағдар беру сипатындағы ақпараттандыру жұмысын күшейтуі қажет. 2030 жылға қарай Қазақстанда кадрлардың қажеттілігі 1,6 миллион адамға жетеді, оның 400 мыңнан астамыжұмысшы мамандықтарының өкілдері. Сондықтан өндіріске жас жұмысшылардың ынталандыруды қамтамасыз ету өте маңызды», деді ҚРКФ төрағасы алдағы кезеңге арналған міндеттер туралы айтып.

Ол 2025 жыл басқа да айтулы оқиғалармен – Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығымен және Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдығымен атап өтілетінін еске салды.

«Алда біраз жұмыс күтіп тұр. «Әр жұмысшыға лайықты еңбекақы» тұжырымдамасын одан әрі ілгерілету қажет. Тек лайықты жалақы халықтың өмір сүру деңгейін және тұтынушылық сұранысты жақсартады, қазақстандық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады және тұтастай алғанда экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз етеді. Біз Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын іске асыруға белсенді түрде қатысатын боламыз. ҚРКФ Халықаралық еңбек ұйымымен, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясымен және сыртқы кәсіподақ орталықтарымен ынтымақтастықты нығайтуды жалғастырады. 2025 жылдың шілдесінде Қазақстанда алғаш рет Еуропаның 54 елінен кәсіподақ орталықтарының өкілдері қатысатын БЕАК-2025 жазғы мектебін өткізу жоспарлануда», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Жиынға қатысушылар Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасынан осындай құнды ақпарат пен тапсырмалар алудың маңыздылығын атап өтті.

«Алматы кәсіподақтарының мүшелері біздің жалғыз емес екенімізді, біз үлкен ұжымның бір бөлігі екенімізді және кез келген уақытта Кәсіподақтар федерациясының көмегі мен қолдауына сене алатынымызды біледі», – деді өз сөзінде Кәсіподақ орталығының заңгері Мадина Садықова мен Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Алматы қалалық ұйымының басшысы Галина Самотокина.

Жиын Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының марапаттарын табыстаумен аяқталды.

ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Еңбек адамын қолдау жолында белсенділігі және кәсіподақ қозғалысын ілгерілетудегі еңбегі үшін кәсіпорын қызметкерлері мен кәсіподақ белсенділерін “Еңбек озаты” медальдары мен құрмет грамоталарымен марапаттады.

 

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы