ХЕҰ семинары: әлеуметтік әріптестер Қазақстанның тау-кен саласындағы қауіпсіздік мәселелерін талқылады

2025 жылдың 27 ақпанында Астанада «Қауіпсіз және салауатты жұмыс ортасы еңбек құқықтарының негізі және принципі ретінде – Еңбек қауіпсіздігі мен қорғанысы жөніндегі негізгі халықаралық құралдар» тақырыбында семинар өтті. Бұл іс-шара Халықаралық еңбек ұйымының Қазақстандағы тау-кен саласындағы еңбек қауіпсіздігі бойынша әлеуметтік диалогты дамыту жобасы аясында ұйымдастырылды. Семинарға әлеуметтік әріптестер – кәсіподақ өкілдері, жұмыс берушілер мен мемлекеттік органдар қатысты.

Семинарға қатысушыларды ХЕҰ еңбек инспекциясы және еңбек қауіпсіздігі бойынша сарапшысы Дарко Дочински мен жобаның ұлттық координаторы Сауле Исабекова жобаның негізгі ережелерімен таныстырды.

«Жоба қазіргі уақытта қауіпті мамандықтардағы қызметкерлердің әлеуметтік қорғауын күшейту бастамаларына және ХЕҰ-ның тау-кен секторында еңбек қауіпсіздігі бойынша кемшіліктерді анықтап, жоюға қолдау көрсетуге негізделген. Негізгі идея – бұрыннан болған оқиғаларға әрекет етуден гөрі алдын алу шараларының басымдылығын түсіну. Қазір қай кезеңде тұрғанымызды, қай бағытта жылжып жатқанымызды және ең алдымен не істеу керектігін анықтау маңызды. Осыған сүйене отырып, Еңбек қаіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша қандай халықаралық стандарттар бар және олардың қауіпсіз жұмысты, жұмысшылардың өмірі мен денсаулығын сақтауда қандай маңызы бар екендігі туралы ақпаратпен бөліскім келеді», – деп атап өтті Дарко Дочински.

Сарапшылар халықаралық нормалардың, бірінші кезекте ХЕҰ конвенцияларының еңбек қауіпсіздігі мен қорғау саласындағы маңызына ерекше назар аударды.

ХЕҰ мамандары семинардың мақсаттарын атап өтіп, олар барлық әлеуметтік әріптестер тарапынан халықаралық стандарттарды қауіпсіз еңбек саласында практикалық түрде қолдануды түсіну, ақпараттандыру және мүмкіндіктерін арттыру керектігін мәлімдеді. Олар халықаралық тәжірибені ескере отырып, кемшіліктерді анықтап, қажетті материалдарды ұсыну үшін техникалық көмек көрсетуге дайын екендіктерін хабарлады.

«Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласын бағалау кезінде тау-кен саласы жұмыскерлерінің жұмыс орнында апаттар мен жазатайым оқиғаларға ұшырау ықтималдығы ең жоғары сала ретінде ерекшеленеді. ХЕҰ бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жоба еңбек қауіпсіздігі жағдайын жақсарту мақсатында талдау жүргізуге, іс-қимыл жоспарын әзірлеуге және тәжірибе алмасуға бағытталған. Өкінішке орай, көмір өндіруші кәсіпорындарда қауіпсіздік шаралары жеткілікті деңгейде қабылданғанымен, дәл осы сала көптеген қауіпсіз еңбек көрсеткіштері бойынша, соның ішінде өліммен аяқталатын жазатайым оқиғалар саны бойынша алдыңғы қатарда тұр», – деп тілге тиек етті Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясының Әлеуметтік-экономикалық қатынастар және әлеуметтік әріптестік комитетінің еңбек қауіпсіздігі мен қорғау мәселелері бөлімінің басшысы Марат Имаш.

Ол Кәсіподақтар федерациясының ұстанымы қазіргі қанағаттанарлықсыз жағдайдан шығу үшін барлық қолда бар шешімдерді пайдалану маңызды екенін баса айтты. Бас келісімде Қазақстанның ХЕҰ №176 «Кеніштерде еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы» конвенциясын ратификациялауы туралы жұмыс жүргізу қарастырылғанын атап өтті.

Сонымен қатар, семинарға қатысушылар еңбек инспекциясының көмір өнеркәсібі мен тау-кен металлургия салаларындағы бақылау мен қадағалауды күшейту қажеттігі мәселесін де көтерді.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында ХЕҰ сарапшылары Қазақстанның Кәсіподақтар федерациясының базасында «Қазақстанның тау-кен өнеркәсібінде еңбек қауіпсіздігін әлеуметтік диалог арқылы қамтамасыз ету» жобасын таныстырған болатын. Жоба еңбек саласындағы негізгі принциптер мен құқықтарды нығайтуға, еңбек инспекциясының әлеуетін арттыруға және қауіпсіз өндірістік орта қалыптастыру үшін іс-қимыл жоспарларын әзірлеуге бағытталған. Ол заңнаманы талдауды, мамандарды оқытуды, жұмысшылар мен жұмыс берушілер арасындағы әлеуметтік диалогты ынталандыруды, сондай-ақ тау-кен жұмысшыларының құқықтарын қорғауда кәсіподақтардың рөлін арттыруды қамтиды. Жоба гендерлік мәселелер мен жұмыс орнында зорлық-зомбылық пен жыныстық қолсұғушылыққа қарсы күресті де ескереді. Астанадағы семинар ХЕҰ жобасын жүзеге асырудың бір қадамы болды.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы