ҚР Кәсіподақтар федерациясы мен Халықаралық еңбек ұйымы тау-кен өндірісіндегі еңбек қауіпсіздігін арттыру үшін күш біріктіреді

ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) еңбек қатынастарын реттеу, еңбек инспекциясы және еңбекті қорғау мәселелері жөніндегі маманы Дарко Дочинскимен кездесті.

Кездесудің басты назарында – ХЕҰ-ның “Қазақстанның тау-кен өндірісіндегі еңбекті қорғауды әлеуметтік диалог арқылы жетілдіру” бірлескен жобасын жүзеге асыру. Бұл жоба қазақстандық шахталар мен кеніштердегі қауіпсіздікті жақсартуға, сондай-ақ әлеуметтік әріптестіктің тиімді үлгісіне айналуға бағытталған.

Халықаралық сарапшыларды қарсы ала отырып, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев бұл кездесудің маңыздылығын атап өтіп, оның ХЕҰ-мен ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге және әлеуметтік-еңбек саласындағы өзекті мәселелерді тиімді шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Ол ҚР Кәсіподақтар федерациясы – 23 салалық және 18 аумақтық кәсіподақты біріктіретін, 1,6 миллионнан астам мүшесі бар ауқымды қоғамдық ұйым екенін еске салды. Федерация еңбек жағдайларын қамтамасыз етуден бастап халықаралық ынтымақтастыққа дейінгі кең ауқымды мәселелерді шешумен белсенді айналысады.

Федерацияның басым міндеттерінің қатарында Мұхтар Тінікеев келесі шараларды атап өтті: Бас келісімді, 2024-2030 жылдарға арналған Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын жүзеге асыру, ең төменгі жалақыны анықтау әдістемесін нақтылау, сондай-ақ жалақыны міндетті индексациялау.

Елдегі әлеуметтік әріптестікті дамыту туралы айта келе, ол 2024 жылы Бас келісімге қол қойылғанын, оның нормалары 10 жаңа салалық және 20 өңірлік келісімнің негізіне айналғанын еске салды. Оның айтуынша, Федерация үшжақты комиссиялардың мәртебесін арттыру және олардың заңнаманы әзірлеуге қатысуын күшейту бағытында жұмыс істеп жатыр.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары сондай-ақ ХЕҰ-мен бірлесіп Лайықты еңбек бойынша ұлттық бағдарламаны әзірлеудің маңыздылығын ерекше атап өтті, бұл бағытта Федерация өз ұсыныстарын енгізгенін жеткізді.

Мұхтар Тінікеевтің айтуынша, басты оқиғалардың бірі – 2024 жылы Халықаралық еңбек конференциясының 112-ші сессиясында Қазақстан мен ХЕҰ арасында қол қойылған бірлескен іс-қимылдар Жол картасы. Ол бес бағытты қамтиды: қауіпсіз еңбек, әлеуметтік диалог, ең төменгі жалақы, әлеуметтік қамсыздандыру және қорғау, сондай-ақ еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен қысым көрсетуді жою. Осы Жол картасы аясында Қазақстан еңбек инспекциясын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құзырына қайтарды.

«Кәсіподақтар федерациясы Vision Zero тұжырымдамасын белсенді енгізуде (536 кәсіпорын, 167 282 қызметкер, оның ішінде 61 442 адам зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейді), өндірістік кеңестердің санын арттырды (12 мыңнан астам, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 3,1%-ға көп) және еңбекті жақсарту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде, соның ішінде биологиялық факторлардың адам ағзасына әсерін зерттеу, сондай-ақ ХЕҰ-ның тиісті ұсынымдарын әзірлеуге қатысу. Лайықты еңбекақы мәселесіне ерекше назар аударылады. Федерацияның бастамасы бойынша Ең төменгі жалақыны анықтау әдістемесі бекітілді, ал қазір ХЕҰ-ның №131 Конвенциясын ратификациялау бойынша жұмыс жүргізілуде», – деп атап өтті ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары.

Кездесу соңында Мұхтар Тінікеев Федерацияның халықаралық нормалар мен стандарттарға бейілділігін атап өтіп, ХЕҰ және әлеуметтік әріптестермен алдағы жемісті ынтымақтастыққа үміт білдірді.

Дарко Дочински кездесуге алғысын білдіріп, ХЕҰ жобасын жүзеге асыру жоспарлары туралы айтты. Ол жұмыс берушілер, кәсіподақтар мен мемлекеттің үшжақты әріптестігі қойылған мақсаттарға жетудің негізгі факторы екенін атап өтті. Ол Қазақстанда жоспарланған нақты іс-шараларды сипаттады. Олардың бірі – 27 ақпанда Астанада өтетін үшжақты семинар, онда жобаны жүзеге асыру бойынша нақты қадамдар талқыланатын болады.

Халықаралық сарапшы жоспарланған оқыту іс-шараларына, әлеуметтік диалогты күшейту әдістеріне және еңбек қауіпсіздігі стандарттарының сақталуын бақылаудың тиімділігін арттыру тетіктеріне жеке тоқталды. Сондай-ақ, ол осыған ұқсас мәселелерді шешуде табысты тәжірибесі бар басқа елдердің тәжірибесін алмасудың маңыздылығын атап өтті.

Сарапшының айтуынша, жоба төрт негізгі бағытқа шоғырланған – заңнама, оқыту, диалог және кәсіподақтардың рөлі.

Осылайша, жобаны жүзеге асыру аясында жұмысшылардың құқықтарын тиімді қорғау үшін нормативтік базаны жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу мақсатында қолданыстағы заңнаманы талдау жоспарлануда.

Оқытуға келетін болсақ, ХЕҰ еңбек инспекторлары мен кәсіподақ өкілдерінің біліктілігін арттыру бағдарламаларын ұсынады. Басты міндет – оларға еңбек қауіпсіздігі стандарттарының сақталуын тиімді бақылау үшін қажетті білім мен дағдыларды беру.

«Жоба сондай-ақ қызметкерлер, жұмыс берушілер мен кәсіподақтар арасындағы өзара байланысты нығайтуды көздейді. Бұл – негізгі мәселе, өйткені өндірістегі қауіпсіздік – бұл ортақ жауапкершілік. Жоба сенім мен ынтымақтастық атмосферасын құруды мақсат етеді, онда барлық тараптар проблемаларды шешуге мүдделі», – деп атап өтті Дарко Дочински.

Ол кәсіподақтардың кеншілердің құқықтарын қорғаушылар ретіндегі позициясын нығайту мәселесіне ерекше назар аударды. Жоба кәсіподақтарға тиімді жұмыс істеу үшін көбірек құралдар мен мүмкіндіктер беруге арналған.

Жалпы, кездесу барысында тараптар тау-кен өндірісінде еңбек қауіпсіздігін арттыру бойынша бірлесіп жұмыс істеуге ниетті екендіктерін білдірді және барлық әлеуметтік әріптестердің тығыз ынтымақтастығы мен практикалық көзқарастың маңыздылығын атап өтті.

 

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы