ҚРКФ Атқару комитетінің күн тәртібінде – еңбек қауіпсіздігі және әлеуметтік әріптестер арасындағы келісімдерді іске асыру

Сейсенбі, 4 наурыз күні Астанада Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Даулеталиннің төрағалығымен ҚРКФ Атқару комитетінің отырысы өтті.

Отырыс барысында елдегі еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жағдайы, сондай-ақ салалық және аумақтық келісімдерді іске асыру бойынша әлеуметтік әріптестер қабылдап жатқан шаралар қарастырылды.

Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жағдайы туралы баяндамамен «Атом өнеркәсібі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ төрағасы Қасымжан Мәдиев және Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев сөз сөйледі.

Салалық кәсіподақ төрағасы Қазақстанда 2024-2030 жылдарға арналған Еңбек қауіпсіздігі тұжырымдамасын қабылдаудың маңыздылығын атап өтті.

«ҚРКФ-ның тұжырымдаманы әзірлеуге белсенді қатысуының нәтижесінде кәсіподақтардың қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және өндірістік жарақаттануды азайту жөніндегі негізгі талаптары онда көрініс тапты. Біз оның жүзеге асырылуы еңбек жағдайын айтарлықтай жақсартатынына сенеміз», – деді ол.

Одан әрі Қасымжан Мәдиев салалық кәсіподақ қызметінің өзекті мәселелеріне тоқталды.

Оның айтуынша, кәсіподақ атом өнеркәсібінің барлық кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігін қорғау шараларының орындалуын қатаң бақылауда ұстайды. Сонымен қатар кәсіподақ қызметкерлерді қажетті жеке қорғаныс құралдарымен уақытылы және сапалы қамтамасыз етуге назар аударады. Ал еңбек қауіпсіздігіне қатысты барлық өтініштер мен шағымдар жедел қаралып, шешімін табуда.

Сондай-ақ денсаулықты нығайту бағдарламалары мен профилактикалық тексерулерге ерекше көңіл бөлінуде.

«Жарақаттану статистикасын талдау нәтижесінде негізгі себептер құлау (33%), қозғалмалы жабдық бөлшектерінің әсері (17%), химиялық күйік (16%) және жол-көлік оқиғалары (14%) екені анықталды. 2024 жылы біздің техникалық инспекторлар 1384 тексеру жүргізіп, 5585 заң бұзушылықты анықтап, жойды. Қазіргі таңда салада 32 өндірістік кеңес құрылған, оның 13-і кәсіподақтардың бастамасымен құрылды», – деді Қасымжан Мәдиев.

Ақтөбе облысындағы еңбек қауіпсіздігі жағдайы туралы кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев баяндама жасады.

«Ақтөбе облысы – 15 474 ұйымы бар ірі өнеркәсіптік өңір, оның 177-сі нақты экономикалық секторға жатады. Тау-кен өндірісі аса маңызды сала, онда 23 116-дан астам адам еңбек етеді. 2023 жылмен салыстырғанда жазатайым оқиғалар саны (70-тен 69-ға дейін) және өліммен аяқталған жағдайлар саны (13-тен 11-ге дейін) азайғанымен, жарақат алу деңгейі жоғары болып отыр. Көп жағдайда бұл жұмыс берушілер тарапынан өндірісті ұйымдастырудағы кемшіліктермен байланысты. Барлық жазатайым оқиғалардың 70%-дан астамы жұмыс берушінің тарапынан болған», – деп атап өтті ол.

Сондай-ақ ол тау-кен металлургиясы кешені, мұнай-газ өнеркәсібі және құрылыс саласы ең көп мәселеге тап болып отырғанын мәлімдеді.

Алтынбек Әмірғалиев ескірген жабдықтарды, әсіресе тау-кен өнеркәсібінде пайдаланудың өзекті мәселеге айналғанын тілге тиек етті.

Сөз соңында Алтынбек Әмірғалиев жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру, жұмысшылардың біліктілігін арттыру, құрал-жабдықтарды жаңарту, өндірістік кеңестер мен еңбекті қорғау қызметтерін құру, қызметкерлерді қауіпсіздік техникасы ережелерін сақтауға ынталандыру жүйесін әзірлеу сияқты жағдайды жақсартуға бағытталған бірқатар шараларды ұсынды.

ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Даулеталин кәсіподақтар үшін еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау басты басымдықтардың бірі екенін еске салды.

«Қазақстан Республикасының 2024–2030 жылдарға арналған Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын енгізу, мемлекеттік еңбек инспекторларын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қарамағына беру, Ұлттық еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар орталығын қалпына келтіру, сондай-ақ өндірістегі жазатайым оқиғалар деңгейін төмендету бойынша бірлескен шаралардың арқасында жұмыс орнында зардап шеккендер мен қаза тапқандар санының азаю үрдісін сақтауға мүмкіндік туды», – деді ҚРКФ төрағасы.

ҚРКФ жүргізген мониторинг мәліметтері бойынша, 2024 жылы 1162 жазатайым оқиға тіркелген (2023 жылы – 1236). Дегенмен, өндірістік өлім-жітім деңгейі жоғары күйінде қалып отыр: әр екі күн сайын бір адам жұмыс орнында қаза табады, бұл дамыған елдермен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар, барлық жазатайым оқиғалардың 69%-ы кәсіподақ жоқ кәсіпорындарда болған, бұл қоғамдық бақылауды күшейтудің қажеттілігін көрсетеді.

ҚРКФ төрағасы еңбек қауіпсіздігі мәселелерін шешу бойынша үкіметке бірнеше ұсыныстар білдіргенін атап өтті.

«Біз мемлекеттік еңбек инспекторларының құқықтарын жоспардан тыс тексерулерді алдын ала хабарламасыз жүргізу құқығымен қалпына келтіруді ұсынамыз. Кәсіподақтың техникалық инспекторларына еңбек қауіпсіздігі нормаларының сақталуын қоғамдық бақылауды тиімді жүргізу үшін қосымша өкілеттіктерді заңнамалық тұрғыда бекіту қажет. Осыған байланысты техникалық инспекторлардың өкілеттіктерін кеңейтумен қатар, олардың жұмыс берушілерге еңбек қауіпсіздігі мәселесіне ықпал етуін күшейтетін қосымша функциялармен қамтамасыз ету маңызды. Еңбек қауіпсіздігі нормаларын сақтамағаны, жазатайым оқиғаларды жасырғаны және медициналық тексерулердің сапасы үшін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдату қажет. Сонымен қатар кәсіпорындарда профилактикалық медицина инфрақұрылымын (медпункттер, физиотерапиялық кабинеттер, шипажайлар және цех дәрігерлері институты) қалпына келтіріп, кәсіби аурулар тізімін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру керек. Бұдан бөлек, ХЕҰ-ның «Шахталардағы еңбек қауіпсіздігі және гигиенасы туралы»  № 176 конвенциясын ратификациялау маңызды. Сондай-ақ, қауіпті кәсіпорындарда өндірістік кеңестер құруды заңнамалық тұрғыда бекіту қажет», – деп атап өтті Сатыбалды Даулеталин.

Атқару комитетінің мүшелері әлеуметтік әріптестік аясында салалық және аумақтық келісімдерді іске асыру тиімділігін талдауға ерекше назар аударды.

Бұл бағыт бойынша Қазақстанның мәдениет, туризм, спорт және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрайымы Светлана Иманқұлова сөз сөйлеп, 2024-2026 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігімен жасалған салалық келісімдердің мазмұны туралы егжей-тегжейлі баяндады.

«Келісімдерде қызметкерлер үшін маңызды әлеуметтік кепілдіктер қарастырылған. Олардың қатарында жұмыс орындарын қысқарту шаралары, жалақыны индекстеу, кәсіподақтардың аттестацияға қатысуы, мереке күндеріндегі еңбекақы төлемі және сауықтыру жәрдемақыларын төлеу бар. Қазіргі уақытта салада 1153 ұжымдық шарт жасалған», – деді салалық кәсіподақ төрайымы.

Алайда ол қол жеткізілген нәтижелерге қарамастан, министрліктер әлеуметтік әріптестікті дамытуға тиісті деңгейде көңіл бөлмей отырғанын айтты. Оның айтуынша, салалық комиссиялардың отырыстары тұрақты түрде өткізілмейді, бұл өз кезегінде маңызды мәселелерді жедел шешуге кедергі келтіреді.

Өз кезегінде Павлодар облысында 2024-2026 жылдарға арналған аумақтық келісімді іске асыру барысы туралы аумақтық Кәсіподақ орталығының төрайымы Динара Айтжанова баяндады.

«Біз, ең алдымен, келісімге «Еңбек жағдайлары мен қауіпсіздігі» бөлімін қосуды қамтамасыз еттік. Бұл бізге өңірдегі еңбек қауіпсіздігі мәселелерін жүйелі түрде шешуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, біз былтырдан бері үйлестіру кеңесінің көшпелі отырыстарын облыс кәсіпорындарында өткізуді тәжірибеге енгіздік. Осындай форматтың арқасында көптеген жұмысшылардың мәселелері жедел шешілуде», – деді Динара Айтжанова.

Ол Павлодар облысында 2024 жылы өндірістік жарақаттанудың статистикасын келтірді: кәсіпорындарда 103 жазатайым оқиға орын алып, 112 адам зардап шекті, оның 9-ы қайтыс болды.

Кәсіподақ орталығының төрайымы өндірістік кеңестер мен техникалық инспекторлардың табысты жұмысын ерекше атап өтіп, «Екібастұз МАЭС-1» ЖШС және «Богатырь Көмір» ЖШС кәсіпорындарындағы мәселелерді шешудің нақты мысалдарын келтірді. Сондай-ақ, ол кәсіподақ мүшесін -жұмыскерді жұмыстан босату кезінде кәсіподақтық пікірін алу қажеттілігі туралы аумақтық келісімнің тармағына назар аударды.

Атқару комитетінің отырысын қорытындылай келе, ҚРКФ төрағасы әріптестерін 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының, сондай-ақ салалық және аумақтық келісімдердің іске асырылуын қадағалауды күшейтуге шақырды.

ҚР  Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы