Автобус паркі жұмыскерлерімен кездесу өтті

Жұмысшы мамандықтары жылы және Кәсіподақтар Федерациясының «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» науқаны шеңберінде «Қызылорда автобус паркі» серіктестігінде жұмыскерлермен кездесу өтті. Автобус паркінің еңбек ұжымымен «Yntymaq» салалық кәсіподағының Қызылорда облыстық филиалы төрағасы Марат Бәйімбетов кездесіп, жұмыскерлердің еңбек жағдайлары мен әлеуметтік мәселелері туралы сұқбаттасты.

Салалық кәсіподақтың Қызылорда облыстық филиалы төрағасы Марат Бәйімбетов елде белгіленген Жұмысшы мамандықтары жылының кәсіподақтар жұмыс қағидатымен үндестігі туралы айтып, Қазақстандағы Кәсіподақтар қозғалысының 120 жылдық тарихындағы басты оқиғаларынан ақпарат берді. Сонымен қатар, кездесу барысында 2025 жылы Кәсіподақтар Федерациясы құрылғанына 35 жыл толып отырғандығы, федерация құрамындағы кәсіподақ ұйымдарымен атқарылып жатқан жұмыстар барысы туралы да қысқаша мағлұмат берілді.

Кездесуде кәсіпорын директорының міндетін атқарушы Әбдібәкір Маштаев серіктестік жұмыстарының жаңа бағыттары, ұжымдағы әлеуметтік-еңбек қатынастары жайлы әңгімелеп, кәсіпорынның кәсіподақ ұйымымен бірлескен жұмыстарын атап өтті.

Серіктестіктің кәсіподақ ұйымы төрағасы Нұрлыбек Кенбебаев кәсіподақ мүшелерінің еңбек жағдайлары мен әлеуметтік мәселелері бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар барысы туралы ақпаратпен бөлісті.

Кездесуде серіктестегі бастауыш кәсіподақ ұйым төрағасы, автобус жүргізуші Нұрлыбек Кенбебаевқа кәсіподақтар қозғалысындағы белсенділігі мен жеке қосқан үлесі үшін «Yntymaq» салалық кәсіподағы республикалық қоғамдық бірлестігінің «Ерен еңбегі үшін» төс белгісі табысталды.