Қостанайда “Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің қазақстандық салалық кәсіптік одағы” ҚБ Қостанай облыстық филиалының кезекті VIII есептік-сайлау конференциясы өтті. Жиынға салалық кәсіподақ төрағасы Светлана Иманқұлова мен “Қостанай облысының кәсіподақ орталығы” АКБ төрағасы Ирина Аронова, сондай-ақ бастауыш кәсіподақ ұйымдарының делегаттары, әлеуметтік әріптестер мен шақырылған қонақтар қатысты.
Конференция барысында кәсіподақ қызметінің есептік кезеңдегі негізгі бағыттары мен жетістіктері сараланып, атқарылған жұмыстардың қорытындылары ұсынылды. Филиал төрайымы Светлана Құлжанова өз баяндамасында кәсіподақ ұйымының әлеуметтік қорғау, еңбекақыны көтеру, қызметкерлердің құқықтарын қорғау және кәсіподақ мүшелерінің еңбек жағдайын жақсарту бойынша жүргізілген жұмыстарды баяндады. Сонымен қатар тексеру комиссиясының есебі тыңдалып, салалық кәсіподақтың VIII съезіне кеңес, тексеру комиссиясы және делегаттардың жаңа құрамы сайланды.
Салалық кәсіподақ төрағасы Светлана Иманқұлова өз сөзінде мәдениет, спорт, туризм және ақпарат саласы қызметкерлерінің жалақысы мен қосымша төлемдерін арттыру бағытында соңғы жылдары қолға алынған бастамалар мен жеткен жетістіктер туралы жан-жақты мәлімет берді. Ол кәсіподақ ұйымдарының еңбеккерлердің құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғаудағы рөлін ерекше атап, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
Қостанай облысы Кәсіподақ орталығының төрағасы Ирина Аронова аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің атқарған қызметін қорытындылап, алдағы кезеңге арналған стратегиялық міндеттерге тоқталды. Ол кәсіподақ ұйымдарының белсенділігін арттыру, еңбек дауларының алдын алу және қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында атқарылатын жұмыстардың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Конференцияда ашық дауыс беру арқылы делегаттар бірауыздан филиал төрағасы қызметіне Светлана Құлжанованы қайта сайлады. Ол 2024 жылдың сәуір айынан бастап бұл қызметті атқарып келеді. Өз сөзінде Светлана Темірқанқызы әріптестерінің сенімі үшін алғыс білдіріп, кәсіподақ қозғалысын нығайтуға, мүшелер санын арттыруға және қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бар күшін салатынын айтты.
Конференция соңында кәсіподақ қозғалысына сіңірген еңбегі үшін бірқатар кәсіподақ белсенділері марапатталды. Көп жылғы қажырлы еңбегі мен кәсіподақ қозғалысын дамытуға қосқан үлесі үшін Юлия Ненашева мен Ботагөз Тұрғанова “Еңбек даңқы” төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ Тоты Айтмағамбетова мен Елена Сухина мерейтойлық күндеріне орай арнайы құттықтаулар қабылдады.
Осылайша, VIII есептік-сайлау конференциясы кәсіподақ қызметін одан әрі жетілдіру, салалық мәселелерді шешу және еңбеккерлердің құқықтарын қорғау жолында маңызды шешімдер қабылдаған ауқымды жиын ретінде есте қалды.