Түркістан облысының кәсіподақтар орталығында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау тақырыбында маңызды семинар ұйымдастырылды.
Аталған іс-шараға «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев, Түркістан облысы бойынша ауыл, орман шаруашылығы табиғат және жануарлар әлемін қорғау қызметкерлері кәсіподағының жергілікті қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сапарғали Шолданбаев және ауыл, орман шаруашылығы мен ветеринария салаларының кәсіподақ мүшелері қатысты.
Семинардың мақсаты – еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жұмысшылардың құқықтарын қорғау мәселелерінде өзекті сұрақтарды талқылау, сондай-ақ жұмыс орнындағы қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін қабылдануы тиіс шараларды анықтау.
Жиында «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев сөз сөйлеп, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудың маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде: «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау – қоғамның әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін өте маңызды мәселе. Жұмысшылардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатысты заңнаманы сақтау тек жұмыс берушінің ғана емес, сондай-ақ кәсіподақтардың да басты міндеті болып табылады. Біздің алдымызда жұмысшылардың құқықтарын қорғау, олардың жұмыс орындарында қауіпсіз әрі қолайлы жағдайларда еңбек етуін қамтамасыз ету міндеті тұр. Осы мақсатта кәсіподақтар өздерінің міндеттерін барынша жауапкершілікпен атқарып келеді» – деп атап өтті.
Айдар Бахтыбаев сондай-ақ, кәсіподақтар мен жұмыс берушілер арасындағы тиімді ынтымақтастықтың маңыздылығын да тілге тиек ете отырып, тек бірлескен жұмыс нәтижесінде ғана жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігіне қатысты нақты шешімдер қабылданатынын айтты. Сонымен қатар, ол еңбек қауіпсіздігін сақтау бойынша түрлі шаралардың тиімділігін арттыру қажеттілігін алға тартты.
Бұдан басқа семинарда қатысушылар еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудың жақсартылуы жөнінде бірқатар ұсыныстар жасады. Бұл ұсыныстардың қатарында жұмыс орындарында еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуына бақылауды күшейту, кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі жөніндегі техникалық инспекторлардың білімін арттыру, жұмысшыларды еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы үнемі ақпараттандыру және оларды оқыту мәселелері бар.
Қатысушылар, сондай-ақ, еңбек қауіпсіздігі саласында кәсіподақтардың әлеуетін арттыру, жұмысшылар мен жұмыс берушілер арасындағы тиімді ынтымақтастықты қалыптастыру қажеттігін де атап өтті.
Семинардың қорытынды бөлімінде салалық кәсіподақ төрағасы Сапарғали Шолданбаев өз сөзінде: «Осындай семинарлар алдағы уақытта да жалғасады. Кәсіподақтар мен жұмысшылардың әрбір ұсынысы мен пікірін ескере отырып, біз еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудың деңгейін жақсарту жолында бірлесе жұмыс істей беретін боламыз», – деді.