Абай облыстық кәсіподақтар орталығының филиалы «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында Абай облысы лингвистикалық орталығының кәсіподақ мүшелерімен кездесу өткізді. Кездесуге Абай облыстық филиалының төрағасы Гүлнар Оразбекова, бас маман Жұмабекова Айгүл, облыстық кәсіподақтар орталығының төраға міндетін атқарушы Байқадиев Досжан және заңгер Разбеков Ержан қатысты.
Қонақтарды лингвистикалық орталықтың басшысы Қуандық Кенжебекұлы мен кәсіподақ мүшелері қарсы алды. Олар орталық қызметкерлерін келе жатқан Әз-Наурыз мерекесімен құттықтап, ұжымның жалпы ахуалымен танысты. Сонымен қатар, облыстық кәсіподақтар орталығы мен филиалдың атқарып жатқан жұмыстары жайлы ақпарат беріліп, еңбеккерлердің құқықтарын қорғау, ұжымдық шарттарға қосымша ұсыныстар енгізу, жұмыс орнында жарақат алу жағдайларын болдырмау және кәсіподақ мүшелерін сауықтыру мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында тағы бір маңызды оқиға – лингвистикалық орталықтың ұзақ жылдар бойы бас есепші қызметін атқарып келе жатқан Капакова Сайраш Амановнаның 60 жасқа толуы болды. Адал еңбегімен ұжымның құрметіне бөленген мерейтой иесін алғаш болып Абай облыстық кәсіподақтар орталығының төраға м.а. Байқадиев Досжан құттықтап, оған Құрмет грамотасын табыстады.
Ал филиал төрағасы Гүлнар Оразбекова «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі атынан «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапаттап, гүл шоқтарын сыйлады.
Лингвистикалық орталықтың кәсіподақ комитетінің мүшелері кездесуде көтерілген мәселелер бойынша берілген жауаптарға қанағаттанатындықтарын білдіріп, кәсіподақтар орталығының өкілдеріне алғыстарын жеткізді. Осындай мазмұнды кездесулер алдағы уақытта да жалғасады деген ниетпен ризашылықтарын білдірді.