Кәсіподақ ұйымынан– «Наурыз қоржын» тартуы

Наурыз – тек жыл басы ғана емес, халқымыздың мәдениетінде береке-бірліктің, ізгілік пен татулықтың, қайырымдылық пен кешірімділіктің, бауырмалдықтың айқын көрінісі болып табылатын қасиетті мереке. Бұл күні адамдар бір-біріне жылы лебіздер білдіріп, өткенді ұмытпай, болашаққа үмітпен қарайды. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында көптеген ұйымдар өздерінің қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелеріне мерекелік тарту-таралғылар ұсынып, жыл сайынғы дәстүрлерін жалғастыруда.

Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының бастауыш кәсіподақ ұйымы осы игі дәстүрді жалғастырып, өз мүшелерінің балаларына арналған «Наурыз қоржын» атты мерекелік тартуды әр жыл сайын ұйымдастырады.

Кәсіподақ ұйымының төрағасы Жәнібек Мұсаевтың айтуынша, «Наурыз қоржыны» – мерекенің шынайы мәнін білдіретін ұлттың дәстүрлерінің бір бөлігі. Мұнда әртүрлі ұлттық тағамдар, соның ішінде наурыз көже, құрт, жент, ірімшік сияқты дәстүрлі тағамдар табысталады.

Бұл тағамдар халықтың бірлігі мен татулығын, сондай-ақ Наурыздың тыныштық пен береке әкелетін мәнін білдіреді. Бұл шара кәсіподақ мүшелерінің балаларына мерекелік қуаныш сыйлаумен қатар, ұлттық мәдениетімізді және дәстүрлерімізді сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мақсатында ұйымдастырылады.