Келісім комиссиясы мүшелеріне арналған оқыту семинары өтті

Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы кәсіподақ ұйымы мүшелеріне, оның ішінде келісім комиссиясы мүшелеріне еңбек заңнамасының қолданылуы, медиация негіздері, келіссөздер жүргізу дағдылары мен еңбек дауларында консенсусқа қол жеткізу бойынша оқыту семинарын ұйымдастырды.

Кәсіподақ бастамасымен өткен шараға салалық, жергілікті және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының келісім комиссияларының мүшелері, соның ішінде мұнай-газ, ірі өнеркәсіп және медицина саласының өкілдері қатысты.

Семинарды Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев ашып, келісім комиссияларының еңбек дауларын шешудегі рөлін түсіндірді.

«Басты мақсат – келісім комиссиясы мүшелерін келіссөздер жүргізу ережелеріне үйрету. Сондықтан құқықтық дайындықты осындай оқыту барысында меңгеру қажет», – деді Алтынбек Әмірғалиев.

Оқыту семинарының спикері, Батыс Қазақстан медиация орталығының директоры, заңгер Әлия Құртаева, қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырып, олардың белсенділігін арттырды.

50-ге жуық қатысушы келісім комиссиясы жұмысының құқықтық негіздері, ҚР Әлеуметтік кодексінің қабылдануына байланысты Еңбек кодексіндегі өзгерістер, еңбек дауларында медиативтік тәсілді қолдану бойынша жан-жақты ақпарат алды. Сонымен қатар, еңбек шартының мерзімі, оны бұзу және басқа да өзгерістер жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды. Алтынбек Әмірғалиев заңгер Әлия Құртаеваға алғыс білдіріп, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің атынан Құрмет грамотасын тапсырды.