Әлеуметтік әріптестер еңбек мәселелерін қарады

Шымкент қаласы әкімдігінің ғимаратында қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асыловтың төрағалығымен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның алғашқы отырысы өтті. Жиынға Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Алтеев, мемлекеттік органдар мен кәсіподақтардың салалық филиал төрағалары, жұмыс берушілердің өкілдері және комиссия мүшелері құрамындағы салалық кәсіподақ филиалдарының төрағалары қатысты.

Отырысты ашқан Қуаныш Асылов еңбек қатынастарын реттеу мен әлеуметтік әріптестікті нығайтуда үшжақты комиссияның маңыздылығына тоқталды. Ол еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғау, өндірістік жарақаттарды азайту, жалақы берешектерін болдырмау және жұмысшыларға лайықты жағдай жасау қажеттігін атап өтті.

Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Алтеев өз сөзінде кәсіподақ ұйымдарының рөлін күшейту, еңбеккерлердің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету және еңбек дауларын алдын алу бойынша ұсыныстарын білдірді. Ол еңбек қауіпсіздігі мен жұмыскерлердің әлеуметтік қорғалуына қатысты шараларды күшейту керектігін тілге тиек етті.

Сонымен қатар, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Жеңіс Мақұлбаев баяндама жасап, 2024 жылы жүргізілген тексерулер мен анықталған құқықбұзушылықтар туралы есеп берді. Олардың айтуынша, кейбір кәсіпорындарда еңбек заңнамасының бұзылуы, жалақының кешіктірілуі және әлеуметтік төлемдер бойынша берешек жағдайлары тіркелген.

2024 жылы Департамент тарапынан жалпы 373 тексерулер жүргізіліп, 829 заңбұзушылақтар анықталды. Анықталған заңбұзушылықтардың негізінде 218 нұсқама беріліп, орындалды немесе заң талаптарына сәйкестендірілді. Жалпы 2024 жылы 9,5 млн.теңге мөлшеріндегі 350 айыппұл өндірілді.Өндірістік жарақаттануды төмендету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар бойынша жалпы 2023 жылмен салыстырғанда жазатайым оқиғалар саны 10,5%-ға, қайтыс болғандар саны 20%-ға азайған. Осы мәселелер бойынша 2025 жылға арналған нақты шаралар ұсынылып, комиссия тарапынан тиісті тапсырмалар берілді.

Комиссия отырысы барысында жұмыс берушілер тарапынан ұсыныстар айтылып, кәсіподақ ұйымдары тарапынан сұрақтар қойылды. Әсіресе, еңбек қауіпсіздігі, өндірістік жарақаттардың алдын алу және қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктерін күшейтуге байланысты пікірлер кеңінен талқыланды.

Кәсіподақтар орталығының өкілдері жұмыс орындарында еңбек заңнамасының сақталуын күшейту, жұмысшыларға қолайлы жағдай жасау және еңбек дауларын сотқа жеткізбей шешудің тетіктерін жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізді.

Сонымен қатар картаға бүгінгі күнге Шымкент қаласынан 4 953 кәсіпорын енгізілген. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі көрсеткіштер негізінде Картаға 2025 жылғы наурыз айындағы жағдай бойынша қала аумағындағы 128 кәсіпорын қызыл аймақта, яғни еңбек даулары туындау тәуекелі жоғары кәсіпорындар қатарына еніп отыр.

Комиссия мүшелері еңбек дауларын алдын алу үшін еңбек заңнамасын түсіндіру және кәсіпорындардағы кәсіподақ ұйымдарының белсенділігін арттыру керектігін айтты. Осыған байланысты 2025 жылға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді.

Жиын соңында Қуаныш Асылов комиссия жұмысының алдағы кезеңде де жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.

Бұл отырыс үшжақты комиссияның еңбек адамының құқықтарын қорғаудағы, жұмыс берушілер мен кәсіподақтар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтудағы маңызды алаң екенін тағы бір рет дәлелдеді.