ҚР Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақ десанты» акциясы аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерация төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев Қарағанды облысына келді. Жұмыс сапары барысында өңірдегі еңбек ұжымдарымен және кәсіподақ белсенділерімен бірнеше кездесу жоспарланған.
Қарағанды облысының Кәсіподақ орталығында Мұхтар Тінікеев ҚРКФ Қарағанды облыстық филиалының заң клиникасының жұмысымен танысты.
Кездесу барысында ҚРКФ Қарағанды филиалы заң клиникасының жетекшісі Света Шардарбекова кәсіподақ орталығы мен заң клиникасы арасында жасалған меморандумдар негізінде жұмыс істейтін медиатор мамандардың тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ, еңбек дауларын шешуде құқықтық көмек көрсететін заңгерлердің қызметі және кәсіби медиаторлардың еңбек дауларының алдын алуға және реттеуге қосқан үлесі туралы жан-жақты ақпарат берді.
Мұхтар Тінікеев заңгерлердің Еңбек адамын қорғаудағы тиімді жұмысын атап өтті. Кездесу кезінде заңгерлер өңірдегі ең ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының бірінің қызметкеріне құқықтық көмек көрсетті. Еске сала кетсек, бұл қызметкер өндірістік жарақат алып, кәсіби кеңес алу үшін заң клиникасына жүгінген болатын. Мамандар оған қажетті құжаттарды рәсімдеу тәртібін, өтемақы мен сақтандыру төлемдерін алу механизмдерін, сондай-ақ арнайы медициналық тексеруден өту үшін қажетті іс-қимыл алгоритмін егжей-тегжейлі түсіндірді. Бұл оқиға еңбек дауларына тап болған, өз құқықтары мен қауіпсіз еңбек жағдайын қорғауға тырысқан қызметкерлер үшін құқықтық қолдаудың маңыздылығын айқын көрсетті.
Еңбеккерлердің құқықтарын қорғауға қосқан үлесі үшін Мұхтар Тінікеев «Zolotaya seredina-SM» қоғамдық бірлестігінің кәсіби медиатор-заңгерлері Әлия Ағыбаева мен Айжан Дүйсекееваға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының Құрмет грамоталарын табыстады. Сонымен қатар, Светлана Бейсембаева ҚРКФ төрағасының Алғыс хатымен марапатталды.
ҚРКФ «Кәсіподақ десанты» акциясы Жұмысшы мамандықтар жылына, Қазақстанда кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығына және Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдығына орай өткізілуде. Бұл акция еліміздің барлық өңірлерінде жалғасып жатыр, осындай кездесулер қазірдің өзінде Қазақстанның төрт облысында өтті.