Биыл айлардың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айы еліміздің Наурыз мерекесімен тұспа тұс келіп қалған кезең. Наурыз мерекесін ерекше тойлау мақсатында Наурызнаманың онкүндігі жарияланып, әр күніміз қуаныш пен шаттыққа толып, еліміз үшін керемет шаралар ұйымдастырылды.
Наурыз мерекесі-жаңарудың, береке мен бірлікті білдіретін мереке болса, Қасиетті Рамазан айы- кешірім мен бірліктің, мейірімділік пен ауызбіршіліктің нышанын кеңейтетін ай.
Қасиетті ай қарсаңында бұрынғының көзін көрген, еліміздің дамуына үлес қосқан, кәсіподақ қозғалысында белсенділік танытқан қарт ардагерлерімізге құрмет көрсетіліп, ауызашар рәсімі ұйымдастырылды. Қазіргі таңда бізге де, артынан ерген ұрпақтарына да үлгі болар ірі тұлғаларымызды ұлағаттап жүруге, барша құрметімізді білдіріп, сыйластығымыз бен мейірімділігімізді білдіру бүгінгі ұрпақтың парызы.
Шара барысында өмірден өткен облыстық кәсіподақ төрағалары, белсенділері, Ұлы Отан соғасына қатысқан ардагерлерді еске алып, ұлы тұлғаларымыздың ісі ел есінде екені атап өтілді.
Қызылорда облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Мақсұт Нәлібаев өз кезегінде биылғы жыл Қазақстан кәсіподақтарының 120 жылдығы, Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдығы және Ұлы отан соғысының аяқталғанына 80 жыл толып отырғандығын атап өтіп, қазіргі таңдағы жетістіктер мен ардагерлердің кәсіподақтар қозғалысына қосқан үлестерінің маңыздылығын атап өтті.
Бұрынғының көзін көрген кәсіподақ белсенділері Анасбаев Төлегеннің, Ким Афанасий Григорьевичтің, Изюмова Нина Викторовнаның, Байназарова Райкүл Мансурқызының, Сыдықов Ақмырза Сыдықұлының естеліктері тыңдалды. Шара барасында Қызылорда облысы кәсіподақтары ардагерлері кеңесі төрағасы Серік Мырзаханов қазірде ардагерлердің ізбасарлары жұмысы барысына тоқталып, ардагерлерге ұлағатты әігімелері үшін ризашылық білдірді.