Еңбек жолы – ұрпақтар сабақтастығы

«Еңбек адамның көркі, адам заманның көркі» деген халық даналығы адамның табандылығы мен еңбегін жоғары бағалайды. Еңбек адамы деп адал, таза еңбек етіп, қоғамға үлес қосатын адамды айтамыз. Бүгінгі «Еңбек адамы» айдарындағы кейіпкеріміз Достан Нишантаевтың өмір жолы осы қасиеттердің нақты көрінісі.

Достан Нишантаев 1990 жылы дүниеге келіп, мектепті тәмамдағаннан кейін, 2009 жылы «Жол қозғалысы» мамандығын таңдады. Бұл таңдау оған тек кәсіби білім алуға ғана емес, елінің болашағына үлес қосу мүмкіндігін де берді.

2012-2013 жылдары Отан алдындағы әскери борышын атқарған соң, Достан 2014 жылы өз мамандығы бойынша оқуын аяқтап, Мәскеудегі «Singsong» компаниясының филиалында жұмыс істей бастады. Бұл мүмкіндік оған шетелде тәжірибе жинақтап, біліктілігін арттыруға жол ашты. Кейіннен Корея, Германия, Ұлыбритания, Литва, Польша, Эстония және Түркия елдерінде «Дәнекерлеуші, құрастырушы, реттеуші» қызметтерінде жұмыс істеп, кәсіби шеберлігін шыңдады.

Қазіргі таңда Достан Нишантаев «Анвар Исмаилов атындағы кәсіптік колледжде» оқытушы болып қызмет етеді. Оның басты мақсаты – шәкірттерін кәсіби бағытта жетілдіріп, оларға өз мамандықтарын саналы түрде таңдауға көмектесу.

Достанның еңбегі мен біліктілікті арттыруға деген ұмтылысы шәкірттерінің жетістіктерінен көрінеді. Мысалы, 2024 жылғы Worldskills Turkestan облыстық чемпионатында оның шәкірті Хусан Усманов «Дәнекерлеу технологиялары» құзыреттілігі бойынша 2-орынға ие болып, сертификатқа қол жеткізді. Бұл жетістік ұстаздың адал еңбегінің, шәкірттеріне деген ықыласының айқын көрінісі.

Достан Нишантаевтың еңбек жолы көпке үлгі. Әкесінің жолын жалғап, жас кезінен бастап осы салада еңбек еткен ол, қазір шәкірттеріне сол құндылықтарды үйретіп, болашақ мамандардың табысты болуы үшін білімін бөлісуде.