Бастауыш кәсіподақ өз жұмысын бастады

«Абай облысы Жаңасемей аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесіне қарасты «Жаңасемей аудандық мәдениет үйі» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнында бастауыш кәсіподақ құруға арналған өндірістік жиын өтті. Жиын барысында ұжым қызметкерлері бірауыздан келісім беріп, 55 адамнан тұратын жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды. Кәсіподақ ұйымының төрағасы болып Гүлжан Төлемісова сайланды.

Жаңасемей аудандық Мәдениет үйінің құрамына кезінде Семей қаласына қарасты болған 12 ауылдық клуб енеді. Мәдениет үйінің директоры Мадияр Әшіров мен кәсіподақ төрағасы Гүлжан Төлемісова облыстық филиалға ынтымақтастық туралы келісім мен Ұжымдық келісімшартты ұсынып, филиал төрағасы Гүлнар Оразбекованың келісімін алды. Олар кәсіподақпен бірлесе атқаратын жұмыста айтарлықтай жетістіктерге жететініне сенім білдірді.

Кездесу соңында Мәдениет үйінің директоры Мадияр Әшіров пен кәсіподақ төрағасы Гүлжан Төлемісова барлық сұрақтарына толық жауап алғаны үшін филиал төрағасына алғысын білдіріп, бастауыш кәсіподақ ұйымы ретінде алдыңғы қатардан көрінетіндеріне сенім білдірді.