Успен аудандық ауруханасында «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Павлодар облыстық филиалының төрағасы Салтанат Төлегенованың қатысуымен бастауыш кәсіподақ ұйымының есептік жиналысы өтті. Жиналыста кәсіподақ ұйымының төрағасы Анна Сайбельдің 2024 жылғы жұмыстың қорытындысы туралы есебі тыңдалды.
Успен аудандық ауруханасы халыққа білікті және мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді. Оның құрамына 2 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт және 13 медициналық пункт кіреді. Аурухана штатында 177 қызметкер жұмыс істейді, олардың барлығы кәсіподақ мүшелері болып табылады.
Аурухана кәсіподағының басты мақсаты – кәсіподақ мүшелерінің ұжымдық мүдделерін қорғау. Осы мақсатта кәсіподақ комитеті ұжымдық шарттың орындалуын тұрақты бақылап, қызметкерлер мен аурухана әкімшілігі арасындағы қарым-қатынасты реттейтін ережелердің сақталуын қамтамасыз етеді.
Кәсіподақ ұйымы медициналық қызметкерлердің еңбек жағдайларын жақсарту, әлеуметтік қолдау көрсету және құқықтық қорғау бойынша белсенді жұмыс атқаруда.
Жас мамандарды қолдау және жаңа кадрларды тарту үшін түрлі әлеуметтік бағдарламалар жүзеге асырылуда. 2024 жылы 6 медицина қызметкері «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы аясында 100 АЕК мөлшерінде тұрғын үй сатып алуға қаржылай көмек алды. 2 медицина қызметкері 1500 АЕК мөлшерінде пайызсыз несие рәсімдеді. 2 медицина қызметкеріне ведомстволық тұрғын үй (аурухана жатақханасынан бөлме және пәтер) берілді. 4 дәрігер жергілікті атқарушы органдар тарапынан 8,5 миллион теңге көлемінде көтерме жәрдемақы алды.
Жиналыс барысында кәсіподақ қозғалысына қосқан үлесі, адал еңбегі және денсаулық сақтау жүйесіндегі жетістіктері үшін 3 қызметкер «SENIM» облыстық кәсіподақ филиалының Құрмет грамотасымен, сондай-ақ гүлдер мен бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ұзақ мерзімді емдеуді қажет ететін кәсіподақ мүшесіне қайырымдылық сертификаты мен бағалы сыйлық табысталды.
Кәсіподақ ұйымы тек материалдық қолдау ғана емес, сонымен қатар қызметкерлердің денсаулығы мен әл-ауқатын жақсарту үшін де жұмыс істеуде. Аурухана қызметкерлері санаторлық-курорттық ем алу мүмкіндігін пайдаланып, денсаулықтарын нығайтуға жағдай жасалуда. Сондай-ақ, мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып, ұжымдық бірлікті арттыруға бағытталған бастамалар қолға алынуда.
Салтанат Төлегенова жұмыс беруші мен кәсіподақ арасындағы өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтіп, бастауыш кәсіподақ ұйымына алдағы жоспарларын жүзеге асыруда сәттілік тіледі.
Жиналыстан кейін қызметкерлер кәсіподақ комитетіне көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдіріп, санаторлық-курорттық ем алу мүмкіндігін, материалдық көмек көрсету және құқықтық қорғау шараларын ерекше атап өтті.
Аурухана ұжымы алдағы уақытта да кәсіподақ ұйымының қолдауымен медициналық қызмет сапасын арттыруға және қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстарды жалғастыра бермек.