Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысы өтті. Отырысқа облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы, салалық кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, жұмыс берушілердің өкілдері және бейнебайланыс арқылы барлық аудан әкімдері қатысты.
Жиында биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның іс-шаралар жоспары бекітілді. Сонымен қатар, еңбек қатынастарын реттеу, жалақыны уақытылы төлеу, лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, еңбек дауларының алдын алу, жұмысшыларды жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру және еңбек саласын цифрландыру мәселелері талқыланды. Осы бағыттағы жұмыстар бойынша қала және аудан әкімдерінің есептері тыңдалды.
Комиссия отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Жарылқасын Айтақов 2024 жылы атқарылған жұмыстарды баяндады. Оның мәліметтері бойынша, өткен жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары 146 тексеру жүргізіп, 336 заң бұзушылықты анықтап, жұмыс берушілерге орындалуы міндетті 79 нұсқама берген. Сондай-ақ, 2024 жылдың 12 айында облыс кәсіпорындары мен мекемелерінде орын алған 51 жазатайым оқиғадан 55 адам зардап шегіп, 7 адам қайтыс болған. Бұл оқиғаларда 6 адам 3 топтық жарақат алған.
Бүгінгі күні Жамбыл облысында 24 кәсіпорында «Vision Zero» нөлдік жарақат концепциясы, 15 кәсіпорында «Халықтық бақылау» жобалары енгізілген.
Отырыс барысында облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақов жұмысшы мамандықтар жылына орай аймақтағы әр түрлі салада еңбек етіп жүрген жұмысшылардың еңбегін елеп, жергілікті атқарушы органдар мен тиісті басқармалар тарапынан марапаттау мәселесін көтерді.
Комиссия отырысын қорытындылаған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев аудан әкімдеріне және тиісті басқармаларға жиында қаралған мәселелерді жүйелі түрде шешуді және еңбек дауларының алдын алу мәселесінде тиімді шаралар қабылдауды тапсырды.