Астанада жалақы мен әлеуметтік төлемдер бойынша берешектерді шешу жолдары талқыланды

Бүгін «Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» ММ басшысының орынбасары Ерлан Жүсіповтің төрағалығымен жалақы бойынша, сондай-ақ МӘМС, МЗЖ, МКЗЖ, ЖТС, ӘА бойынша берешектің туындау себептерін анықтау және қарау мақсатында жұмыс тобының отырысы өтті. Отырысқа Астана қаласының Кәсіподақтар орталығының өкілдері мен басқа да мүдделі тараптар қатысты.

Бүгінгі күні Астана қаласында жалақы бойынша қарыз 12 кәсіпорынның 379 жұмысшысы алдында жалпы сомасы 144,3 млн. теңгені құрайды. Оның ішінде мерзімі өткен қарыздың көлемі 124 млн. теңгені құрап, 283 жұмысшыға тиесілі болып отыр. Бұл мәселені шешу мақсатында аталған кәсіпорындардың басшыларына қатысты материалдар Астана қаласының Полиция департаментіне қылмыстық іс қозғау үшін жіберілді.

Банкроттыққа ұшыраған немесе оңалту сатысындағы кәсіпорындардың 96 қызметкері алдындағы жалақы қарызы 20,3 млн. теңгені құрайды. Сонымен қатар, 2025 жылдың өткен мерзім ішінде жалақы бойынша 20,7 млн. теңгеден астам қарыз өтелді, нәтижесінде 128 жұмыскердің еңбек және конституциялық құқықтары қорғалды.

Сондай-ақ, қазіргі уақытта әлеуметтік төлемдер бойынша берешек 1,281 млн теңгені құрап, жыл басымен салыстырғанда 12,4%-ға немесе 181 млн теңгеге азайды.

Жұмыскерлердің құқықтарын қорғау бойынша жұмыс тобының өкілдері аталған мәселелердің туындау себептерін анықтау мақсатында жұмыс берушілермен жеке кездесулер өткізіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастырады. Сондай-ақ, мәселенің шешілуі мен алдын-алу шараларын қамтамасыз ету мақсатында Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үш жақты комиссия отырысында қаралып, республикалық үш жақты комиссияға өз ұсыныстарын жолдауды жоспарлап отыр.

Бұл бағыттағы жұмыс жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғауға және жалақы бойынша берешектерді азайтуға бағытталған. Жұмыс тобының қызметі нәтижесінде кәсіпорындар мен жұмысшылар арасындағы әлеуметтік және еңбек қатынастарының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында бірлескен іс-шаралар одан әрі жалғастырылады.