ҚР Кәсіподақтар федерациясында кәсіподақ депутатына ұсыныстар айтылды

2025 жылғы 7 сәуір, дүйсенбі күні Астана қаласындағы ҚР Кәсіподақтар федерациясының орталық кеңсесінде ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің басшылығымен республикалық кәсіподақ белсенділерінің ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асылбек Нұралинмен кездесуі өтті.

Асылбек Нұралин – «QAZAQMETAL KASIPODAGY» Қазақстандық тау-кен металлургия салалық кәсіподағының төрағасы. Биылғы жылдың қаңтар айында ол ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде тіркелген болатын.

Кездесу барысында депутат әріптестерімен кәсіподақтардың ұсыныстарын Парламент қабырғасында ілгерілету бағытындағы қызметі туралы баяндады.

«Кәсіподақтар федерациясындағы әріптестерімнің ұсыныстары негізінде мен бірнеше өзекті мәселе бойынша депутаттық сауалдар дайындадым: зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін зейнеткерлік жасты төмендету; жалақыны міндетті түрде жыл сайын индекстеуді заңнамалық түрде бекіту; кәсіпорын қызметкерлерінің ереуілге шығу мәселелері. Сонымен қатар, жақын арада біз «Кәсіптік одақтар туралы» жаңа заң жобасын талқылауға кірісеміз», – деді Асылбек Нұралин.

Салалық кәсіподақтардың төрағалары өз салаларына қатысты өзекті мәселелерді депутатқа жеткізді. «Кызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету ұйымдары қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыпов бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысын базалық лауазымдық жалақы (БЛЖ) негізінде есептеу жүйесін қайта қарау қажеттігін еске салды. Оның айтуынша, БЛЖ жүйесі – жасанды әрі тиімсіз.

Қазақстандық Қарулы Күштер және басқа әскери құрылымдар қызметкерлерінің кәсіподағының Астана қалалық филиалының төрағасы Қуаныш Дәулетов Семей ядролық полигоны аумағында дүниеге келген азаматтарға арнайы жәрдемақы төлеу мәселесін көтерді.

Кәсіподақ белсенділерінің сауалдарына жауап берген Асылбек Нұралин бұл мәселелерді Мәжіліс отырысында көтеруге уәде берді.

Кәсіподақ депутатына жолданған ұсыныстарды қорытындылай келе, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин депутат болу – үлкен еңбек пен зор жауапкершілік, ал кәсіподақ депутаты болу – екі есе жауапты іс екенін атап өтті. ҚРКФ басшысы кәсіподақтар қоғамдастығынан бірнеше өзекті ұсынысты еске салды.

«Жалақыны міндетті түрде индекстеуді заңнамалық түрде бекіту мәселесі күн тәртібінде қалып отыр және бұл мәселе 14 сәуірде өтетін ҚРКФ Сараптамалық кеңесінің отырысында қаралатын болады. Сондай-ақ, Парламентте «Еңбек» атты депутаттық, көпфракциялық топ құру мәселесі де өзекті. Асылбек Жамашұлы, бұл миссия сізге жүктеліп отыр – депутаттық корпус ішінде пікірлес әріптестерді біріктіру қажет. Ал кәсіподақ депутаттарымен кездесулер алдағы уақытта тоқсан сайын тұрақты түрде өткізілмек», – деп қорытындылады ҚРКФ төрағасы.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығы