CTUCA CUP – 2025: ҚРКФ-ның футзал құрама командасы Бішкектегі турнирге аттанды

Бүгін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының футболдан құрама командасы Орталық Азия кәсіподақтары арасындағы футзалдан өтетін IV халықаралық турнирге қатысу үшін Қырғызстанның Бішкек қаласына жол тартты.

ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақ футболшыларымен кездесіп, оларға сәттілік тілеп, ақжолтай тілегін білдірді.

«Біздің командамызға сәттілік, зейін, рух мықтылығын тілеймін және Қазақстан мен Кәсіподақтар федерациясының намысын алдағы халықаралық турнирде абыроймен қорғайды деп сенемін. Бұл оңай турнир болмайтыны анық, бірақ дәл осындай жарыстарда жігер мен мінез шыңдалып, баға жетпес тәжірибе жинақталады. Командамыздың әсерлі ойындары, шеберлігі мен жеңіске деген рухы жас ұрпаққа үлгі болары анық, оларды спортқа және салауатты өмір салтына ынталандырады. Алдағы ойындарда алаңда тек ойыншылар ғана емес, оларға жан-жүрегімен қолдау білдіретін барлық кәсіподақ мүшелері, бүкіл Федерация бірге болады», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Кездесу барысында құраманың жаңа, ерекше үлгідегі спорттық киімдері мен ойын формасы таныстырылды.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының футбол құрама командасы осыдан бес жыл бұрын ҚРКФ және Астана қаласындағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қызметкерлері арасынан жиналған. Айта кету керек, кәсіподақ футболшылары бұған дейінгі барлық турнирлерде алтын, күміс және қола медальдардың толық жиынтығын жеңіп алған.

Құраманың менеджері – Астана қаласы Кәсіподақ орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов ҚРКФ басшысына жылы лебізі үшін алғысын білдіріп, бұл жолы да құрама команда Қазақстан кәсіподақтары қауымдастығын жарқын ойынымен және жеңісті нәтижесімен қуантады деген сенім білдірді.