Келісім комиссиясы мүшелеріне арналған оқыту семинарлары жалғасуда

Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы кәсіподақ ұйымы мүшелеріне, оның ішінде келісім комиссиясы мүшелеріне еңбек заңнамасының қолданылуы, медиация негіздері, келіссөздер жүргізу дағдылары мен еңбек дауларында консенсусқа қол жеткізу бойынша кезекті оқыту семинарын ұйымдастырды.


Кәсіподақ бастамасымен қолға алынған бұл оқытуға ірі өнеркісп орындары Ақтөбе ферроқорытпа зауыты мен Ақтөбе рельс арқалық зауытының кәсіподақ жетекшілері мен басқа да салалық және жергілікті кәсіподақ ұйымдарының келісім комиссияларының мүшелері, соның ішінде газ және медицина саласының өкілдері де қатысты.


Оқыту семинарының спикері, Батыс Қазақстан медиация орталығының директоры, заңгер Әлия Құртаева қатысушыларға келісім комиссиясының ролі, еңбек даулары болғанда қалай жұмыс жасау керектігін нақты түсіндірді.


20-ға жуық қатысушы келісім комиссиясы жұмысының құқықтық негіздері, ҚР Әлеуметтік кодексінің қабылдануына байланысты Еңбек кодексіндегі өзгерістер, еңбек дауларында медиативтік тәсілді қолдану бойынша жан-жақты ақпарат алды.

Сонымен қатар, еңбек шартының мерзімі, оны бұзу және басқа да өзгерістер жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.