17 сәуірде республикалық «Кәсіподақ десанты» акциясы аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының делегациясы Жамбыл облысына келді. Делегация құрамында ҚРКФ Төрағасының орынбасары Қайрат Айбосынов бастаған бір топ мамандар болды. Олардың қатарында Құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Тимур Нұғманов пен Еңбек қорғау және еңбек дауларын болдырмау бөлімінің жетекшісі Марат Имаш та бар.
Акцияның негізгі мақсаты – кәсіподақтар арасындағы ынтымақтастықты нығайту, әлеуметтік әріптестікті дамыту, сондай-ақ жұмыс орындарындағы еңбек қауіпсіздігі мен қорғау мәселелерін талқылау.
Делегацияның алғашқы нысаны – «Жамбыл облыстық білім, ғылым және жоғары оқу орындары қызметкерлері кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі болды. Бұл ұйым 64 мыңнан астам кәсіподақ мүшелерін біріктіреді. Олардың қатарында мұғалімдер, ғалымдар мен оқытушылар бар. Аймақтағы ең ірі әрі белсенді кәсіподақ ұйымдарының бірі ретінде бұл бірлестік еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғаумен қатар, ішкі байланыстарды дамытып, білім беру мекемелері әкімшілігімен өзара іс-қимылды жолға қойған.
Әріптестерін қарсы алған ҚРКФ Төрағасының орынбасары Қайрат Айбосынов Кәсіподақтар федерациясының еңбек жағдайын жақсарту және өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету бағытында атқарған маңызды жұмыстары мен алдағы жоспарларын таныстырды.
“Жыл сайын 28 сәуірде Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) Дүниежүзілік еңбекті қорғау күнін атап өтеді. Бұл маңызды шараның мақсаты – жұмыс орнындағы жазатайым оқиғалар мен кәсіби аурулардың алдын алу, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі мәселесіне қоғам назарын аудару”, – деді Қайрат Айбосынов.
Оның айтуынша, Федерация әлеуметтік диалогты нығайту, еңбек құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіру және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. 2024 жылы еңбек қорғауды жақсартуға бағытталған бірқатар маңызды өзгерістер қабылданды.
“Еңбекті қорғау саласындағы ұлттық саясатты жүзеге асыру үшін 2024–2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы қабылданды. Бұл тұжырымдаманы әзірлеуге кәсіподақ өкілдері белсене қатысты. Біз бұл құжат еңбек қауіпсіздігі құрылымы мен идеологиясын тиімді жетілдіруге арналған маңызды құрал болады деп сенеміз”, – деді Қайрат Айбосынов.
Оның айтуынша, тұжырымдаманың негізінде кәсіподақтар қолдайтын жүйелі әрі тұрақты жетілдіру, алдын алу, теңгерімділік, сондай-ақ әлеуметтік әріптестік арқылы барлық тараптардың жауапкершілігі мен қатысуы сияқты қағидаттар жатыр.
“Тұжырымдаманы іске асырудың маңызды бағыттарының бірі – еңбек қауіпсіздігі саласындағы бақылау мен мониторинг тиімділігін арттыру. Бұл – кәсіпорындардағы кәсіби тәуекелдерді бағалау, өндірістік жарақат пен кәсіби аурулар туралы деректерді талдау, сондай-ақ қызметкерлерді сертификатталған жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етуді қамтиды”, – деп толықтырды ол.
Кәсіподақтар федерациясы өкілдерінің аймаққа сапары Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығында кәсіподақ белсенділерімен кездесу арқылы жалғасты. Іс-шараға салалық және аумақтық кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, кәсіподақ қозғалысының ардагерлері мен белсенділері қатысты. Кездесудің модераторы – Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақов болды. Ол «Кәсіподақ десанты» акциясының маңызын атап өтті. Бұл акция Жұмысшы мамандықтар жылы мен Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы және ҚР Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдығына арналды.
“Бұл акция – кәсіподақ қозғалысының көпжылдық тарихына деген құрмет қана емес, сонымен қатар еңбеккерлер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, еңбекті қорғау мен еңбек құқықтарын қорғауды жетілдіруге бағытталған маңызды қадам. Биыл біз ерекше тарихи даталарды атап өтудеміз, сондықтан «Кәсіподақ десанты» сияқты шаралар еңбек қауіпсіздігі мәселелері бойынша қоғамның хабардарлығын арттырып, барлық мүдделі тараптардың күшін біріктіруге ықпал етеді”, – деді Бағлан Қарашолақов.
Ол сондай-ақ мұндай кездесулер мен акциялардың өткізілуі өзекті мәселелерді талқылауға, шешу жолдарын табуға және еңбеккерлердің мүдделерін қорғауды күшейтуге жаңа мүмкіндіктер беретін алаң болатынын айтты.
Кездесу барысында ҚРКФ Төрағасының орынбасары Қайрат Айбосынов кәсіподақ қозғалысының негізгі жетістіктеріне тоқталып, 2025 жылдың еліміздегі кәсіподақтар үшін маңызды жыл екенін атап өтті.
“Биыл еліміздегі кәсіподақ қозғалысына 120 жыл, ал ҚР Кәсіподақтар федерациясына 35 жыл толып отыр. Бұл жылдар – тек еңбеккерлердің құқықтары үшін күрестің тарихы ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік саясаттың үздіксіз жетілдірілуінің тарихы. Біз кәсіподақ қозғалысының дамуына үлес қосқан барлық белсенділер мен ардагерлерге алғыс айтамыз. Біз сіздердің ұсыныстарыңызды тыңдауға, бірге шешім қабылдап, еңбек жағдайларын жақсартуға дайынбыз”, – деді ол.
Қайрат Айбосынов әлеуметтік әріптестікті дамытудың маңыздылығын атап өтті. Бұл – еңбеккерлерді қорғау және олардың еңбек жағдайларын жақсарту үшін тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
“Кәсіподақтар – Қазақстандағы еңбеккерлердің сенімді серігі. Қауіпсіздік пен лайықты еңбек жағдайы – біздің басты басымдығымыз, және біз осы бағытта бірге жұмыс істеуге дайынбыз”, – деді ол.
Кездесу барысында кәсіподақтық қызметтегі еңбегі үшін 9 кәсіподақ белсендісі марапатталды. Марапатталғандардың қатарында білім беру, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларының өкілдері бар.
Кездесу аясында еңбек қауіпсіздігі мен жұмысшылардың әлеуметтік қорғалуы мәселелері бойынша тиімді диалог өтті.
Қатысушылар жаңа заңнама мен жұмыс орындарындағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған нақты шараларға қатысты сұрақтар қойып, пікір алмасты. Сондай-ақ еңбек инспекторларының жұмысын жетілдіру және еңбек құқықтарының сақталуына бақылауды күшейтуге қатысты ұсыныстар айтылды.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы