Созақ ауданы әкімдігінің мәжіліс залында «Еңбекті қорғау жүйесіндегі түйінді тенденциялар мен негізгі перспективалар» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Түркістан облысы бойынша өкілі Наталья Қожабекова, аудан аумағындағы өндіріс орындарының өкілдері және жергілікті кәсіподақ ұйымдары қатысты.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов ашып, жүргізіп отырды. Ол еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды.
Өз кезегінде ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі Наталья Сұңғатқызы қолданыстағы заңнамадағы адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелерін баяндап, қоғамда азаматтардың құқықтарын сақтау жолдарын атап өтті.
Сондай-ақ, «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Созақ аудандық филиалының төрағасы Мыңжасар Асқаров еңбек заңнамасындағы жұмысшылардың құқықтары жайында айтып өтті.
Жиын барысында өндіріс орындарының өкілдері өз кәсіпорындарында жүргізіліп жатқан еңбек қауіпсіздігі бойынша профилактикалық шаралармен бөлісіп, тәжірибелерімен алмасты.