Сатыбалды Дәулеталин: «Әлеуметтік диалог бар жерде – тұрақтылық пен даму бар»

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастаған ҚРКФ делегациясы жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына келді. Екі күнге жоспарланған бұл сапар барысында әлеуметтік әріптестермен, еңбек ұжымдарымен және өңірдің кәсіподақ белсенділерімен кездесулер өткізу көзделген. Сапардың мақсаты – әлеуметтік-еңбек саласындағы жағдаймен және Жұмысшы мамандықтар жылы аясындағы іс-шаралардың жүзеге асырылу барысымен танысу, өңір кәсіпорындары қызметкерлерінің өзекті мәселелерін шешуде әлеуметтік әріптестермен өзара іс-қимылды нығайту, еңбек ұжымдары және кәсіподақ белсенділерімен кездесу.

ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен әлеуметтік әріптестік пен еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссия отырысы өтті. Оған ҚРКФ төрағасы да қатысты.

Отырыста ШҚО кәсіпорындарында еңбекақы берешегін өтеу шаралары туралы Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментінің басшысы Бақытбек Қизатов баяндады.

Оның айтуынша, қазіргі таңда өңір бойынша Еңбек тәуекелдері картасына 3786 кәсіпорын енгізілген, олардың 31-і әлеуметтік шиеленіс қаупі «жоғары тәуекел» санатына, 49 кәсіпорын – «орташа тәуекел» аймағына жатады.

«2024 жылдың қыркүйегінен бастап қабылданған шаралардың нәтижесінде мемлекеттік еңбек инспекторлары әлеуметтік әріптестермен бірлесе отырып, 170 кәсіпорынды жоғары тәуекел аймағынан шығарып, 3800 қызметкердің құқықтарын қорғады. Жалақы қарызы ретінде 42,1 миллион теңге өтелді», – деді Бақытбек Қизатов. Ол кәсіпорындардағы дағдарыстық жағдайларды еңсеру жұмысы Шығыс Қазақстан облысы кәсіподақтарының аумақтық бірлестігімен бірлесе жүргізілетінін атап өтті.

Кездесуде ШҚО аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Темірбек Қасымжанов өңірдегі әлеуметтік әріптестікті дамыту туралы айтты. Ол 2024–2026 жылдарға арналған облыстық келісім жасалғанын, бұл құжатта әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу бағыттары бойынша тараптардың келісімі көрсетілгенін жеткізді.

«Соңғы уақытта нақты істер атқарылды. Мысалы, жұмысшылардың жалақысы жыл сайын инфляцияға қарай өсіп отыратын болды. Біліктілігі жоқ, бюджеттік салада істейтін адамдарға бір айлық жалақы көлемінде сауықтыруға ақша беріледі. Ауылда жұмыс істейтін бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы 25% көбейді. Еңбек қауіпсіздігін бақылайтын қоғамдық техникалық инспекторларға кемінде ең төменгі жалақы көлемінде ақша төленеді. Ал ауылда тұратындарға коммуналдық қызметтер үшін бұрынғыдан 20% артық өтемақы қарастырылды», – деді Темірбек Қасымжанов.

Әлеуметтік әріптестердің баяндамаларын тыңдағаннан кейін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Шығыс Қазақстан облысындағы әлеуметтік әріптестік қарым-қатынастарының жақсы деңгейде дамып келе жатқанын атап өтіп, қатысушылардың назарын әлеуметтік әріптестер арасындағы байланысты одан әрі нығайту қажеттігіне аударды.

«Әлеуметтік әріптестік аясында үшжақты әріптестікті күшейту – ең маңызды мәселе. 2024 жылы біз Бас келісімге қол қойдық. Бұл құжат республикалық деңгейдегі әлеуметтік әріптестер арасындағы тиімді әріптестіктің негізі болып саналады. Биыл біз Республикалық үшжақты комиссияның екі отырысын өткіздік. Онда еңбек дауларының алдын алу, ең төменгі жалақы мөлшерін анықтау әдістемесін әзірлеу мен бекіту сияқты маңызды мәселелер қаралды. Өңірлерде 119 отырыс өтті. Біз өңірлік үшжақты комиссияларда тең төрағалық етуді енгіздік. Шығыс Қазақстан облысында 2024 жылы комиссияның 7 отырысы өткізілді, оның төртеуін кәсіподақ орталығының төрағасы өткізді, үшеуі кәсіподақ алаңында өтті. Бұл — өте жақсы бастама, әрі басқа облыстарға үлгі болуы тиіс», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Сондай-ақ ол Шығыс Қазақстан облысында қабылданған әлеуметтік әріптестік туралы өңірлік келісімді елдегі ең үздік келісімдердің бірі деп атады.

«Кәсіподақтар федерациясының талдауы бойынша, Қазақстанда барлығы 155 мың ұжымдық шарт бар, бірақ соның тек 10%-ында ғана жалақыны индекстеу қарастырылған. Бұл әлеуметтік әріптестік пен ұжымдық шарт негізінде еңбек қатынастарын реттеу жеткілікті деңгейде емес екенін көрсетеді. Сондықтан біз жалақыны индекстеуді Еңбек кодексінде заңмен бекітуді ұсындық. Бұл норма барлық жұмыс берушілерге жыл сайын инфляция деңгейіне қарай жалақыны көтеруді міндеттейді. Халықтың сатып алу қабілетін сақтауымыз керек. Бұл әсіресе 300 мың теңгеге дейін жалақы алатын қызметкерлерге қатысты болуы тиіс. Ал бірнеше миллион теңге алатын топ-менеджерлер үшін мұндай индексацияның қажеті жоқ», – деді ҚРКФ төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталин ұжымдық шарт арқылы еңбек қатынастарын реттеу мәселесіне тоқталып, нақты деректер келтірді.

«Шығыс Қазақстан облысында ұжымдық шарттармен қамтылған кәсіпорындар саны 43,3 пайызды құрайды, ал кейбір басқа облыстарда бұл көрсеткіш 70-80 пайызға жетеді. Сонымен қатар, облыстағы ірі және орта кәсіпорындарда ұжымдық шарттар 100 пайызды құраса, шағын кәсіпорындарда бұл көрсеткіш 38 пайызды ғана құрайды. Бұл – әлеуметтік әріптестердің өңірде белсенді түрде жұмыс істей алатын бір үлкен мүмкіндік», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Ол ұжымдық шартты «кәсіпорынның кішкентай Конституциясы» деп атап, ұжымдық шарт еңбек қатынастарын реттейтін маңызды құжат екенін еске салды.

ҚРКФ Төрағасы жұмысшылардың әл-ауқатының ең маңызды көрсеткіші ретінде еңбекақы мәселесін атады. Ол Кәсіподақтар федерациясы халықаралық стандарттарға сәйкес ең төменгі жалақы мөлшерін кезең-кезеңімен арттыруды қолдайтынын, ол орташа жалақы мөлшерінің 50%-ын құрау керектігін айтып, бұл ұсыныс Үкіметке жолданғанын мәлімдеді.

Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, жалақының төмендігі – еңбек даулары мен жанжалдардың бірінші себебі. Екінші себеп ретінде кейбір жұмыс берушілердің әлеуметтік диалог құруға құлықсыздығын атады. Үшінші себеп – кәсіпорындарда қауіпсіз еңбек жағдайларының жеткіліксіздігі. Осыған байланысты Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Мемлекет басшысының 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялау туралы шешімін маңызды әрі дер кезінде қабылданған шешім деп атады.

«Біз Мемлекет басшысының Жұмысшы мамандықтар жылын өткізу туралы шешімін толық қолдаймыз. Соңғы жарты ғасырда «еңбек» ұғымының мәні, еңбек адамының рөлі, жұмысшы мамандықтардың абыройы қатты өзгерді – олар енді құндылық болып саналмайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа осы маңызды шешімді қабылдап, барлық билік деңгейіне мықты серпін бергені үшін зор алғысымды білдіремін. Бүгінде еліміздің өркендеуі мен дамуы көбіне қарапайым еңбек адамдардың еңбегінің арқасында жүзеге асып жатыр. Сонымен қатар, менің ойымша, біз кеңестік кезеңдегі «жұмысшы табы» ұғымының саяси реңкінен арылуымыз қажет. Қазіргі заманда жұмысшы – бұл жоғары білікті маман, өзінің күнделікті еңбегімен ел экономикасы мен жалпы мемлекеттің дамуына баға жетпес үлес қосып отырған тұлға. Сондықтан әлеуметтік әріптестердің басты міндеті – еңбек адамы үшін лайықты, қауіпсіз еңбек жағдайын және лайықты еңбекақыны қамтамасыз ету. Ал әлеуметтік диалогсыз біз бұған қол жеткізе алмаймыз. Әлеуметтік диалог бар жерде тұрақтылық пен даму бар», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Облыстық әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссия отырысын қорытындылай келе, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірде әлеуметтік әріптестік институтын әрі қарай дамыту үшін мемлекеттік органдар барлық күш-жігерін жұмсайтынын мәлімдеді.

«Өз тарапымыздан, яғни атқарушы билік органдары өңірде әлеуметтік әріптестікті одан әрі дамыту үшін кәсіподақтармен және жұмыс берушілер бірлестіктерімен бірлесе жұмыс істеуге күш салады. Өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыру үшін ашық әрі әділ жұмыс істейтінімізге сендіргім келеді», – деп атап өтті Шығыс Қазақстан облысының әкімі.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы мен өңір билігінің бірлесіп жұмыс істеуге деген ортақ ниеттері тиісті Меморандуммен бекітілді. Бұл құжатқа ҚРКФ Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин мен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қол қойды.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы