ҚРКФ төрағасы ШҚО-да Жұмысшы мамандықтар жылының жүзеге асу барысымен танысты

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы (ҚРКФ) төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастаған ҚРКФ делегациясы Шығыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары аясында Жұмысшы мамандықтар жылының жүзеге асу барысымен танысты. Делегация Өскемен көпсалалы технологиялық колледжіне барды.

Оқу орнының директоры Қажымқан Оспанғалиев оқу үдерісі мен білім беру бағдарламалары туралы кеңінен баяндап берді.

«Өскемен көпсалалы технологиялық колледжінде 13 мамандық бойынша мамандар даярланады: “технологиялық процестерді автоматтандыру және басқару”, “дәнекерлеу ісі”, “автомобиль көлігін техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану”, “электромеханикалық жабдықтарға техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану”, “түсті металлургия”, “электр жабдықтары”, “токарлық іс”, ” тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық объектілерінің инженерлік жүйелерін монтаждау және пайдалану”, “слесарлық іс”, “ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану” және т.б. Оның жетеуі — жұмысшы мамандықтар. Дуалды оқыту жүйесі бойынша 483 студент білім алуда. Жалпы студент саны — 800-ге жуық», – деді колледж директоры.

Қажымқан Оспанғалиевтің айтуынша, заман талабына сай колледжде қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен және оқу базасымен жабдықталған шеберханалар орналасқан Құзыреттілік орталығы құрылған. 2016 жылдан бастап колледж WorldSkills (жұмысшы мамандықтарды насихаттауға арналған чемпионаты) қозғалысына қатысып келеді. Қазіргі таңда колледж командасы WorldSkills Shygys аймақтық чемпионатына 10 құзыреттілік бойынша қатысуда.

«WorldSkills Shygys-23 аймақтық чемпионатының қорытындысы бойынша колледж командасы 2-орын алды, ал 2024 жылы жалпыкомандалық есепте 1-орынға ие болды. Колледждің қоржынында аймақтық және ұлттық чемпионаттардан 57 жүлделі орын бар. 2020 жылы колледж Институционалдық аккредитациядан, 2023 жылы Мемлекеттік аттестациядан сәтті өтті», – деді ол.

Оқу базасымен танысқаннан кейін ҚРКФ делегациясы колледждің еңбек ұжымымен және студенттерімен кездесті.

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев Өскемен көпсалалы технологиялық колледжі түлектерінің жұмыспен қамтылу деңгейі жоғары екенін — дәнекерлеу ісі бойынша 100%, ал жалпы 86% екенін атап өтті.

«Негізгі назар жұмысшы мамандықтарды даярлауға аударылған. Колледж жыл сайын 300-ден астам жас маман даярлайды, олардың барлығы облысымызда еңбек нарығында сұранысқа ие», – деді Ербол Нұрғалиев.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин педагогикалық ұжым мен студенттерге арнаған сөзінде еліміздің экономикасы үшін жоғары білікті мамандар әлеуетін арттырудың маңыздылығын ерекше атап өтті.

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сүйенсек, 2030 жылға қарай Қазақстанда кадрларға деген сұраныс 1,6 миллион адамға жетпек, оның 403 мыңы – жұмысшы мамандық иелері. Ал биылдың өзінде 63,8 мың жұмысшы маман қажет болады. Бұл көрсеткіш жыл сайын 2-3 мыңға артып отырады. Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл – барлық басқару деңгейлеріне серпін берген маңызды шешім. Қазірдің өзінде Республикалық іс-шаралар жоспары бекітіліп, салалық ведомство 2025–2027 жылдарға арналған техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау жөніндегі Жол картасын қабылдады, – деді ҚРКФ төрағасы.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024/2025 оқу жылында колледж студенттерінің саны 557 мың адамға жетіп, 2019 жылмен салыстырғанда 17,2%-ға артқан. Бұл студенттердің шамамен жартысы сұранысқа ие инженерлік және медициналық мамандықтар бойынша білім алуда.

Өңірлерде жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, кадрлар даярлау сапасын жақсарту және жұмыс берушілермен ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған жоспарлар әзірленген. Айта кетейік, Өскемен көпсалалы технологиялық колледжі 1978 жылы құрылғаннан бері өндірістік салаға негізделген – ол бүгінгі күнге дейін өңірдің металлургия саласына кадр даярлайтын базалық оқу орны болып табылады.

Сатыбалды Дәулеталин Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жұмысшы мамандықтарының беделін қайтару мәселесінің өзектілігіне тоқталды.

«Ел бойынша жүргізілген статистикаға сәйкес, колледж түлектерінің тек 40%-ы ғана мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Жас мамандардың зауыт, фабрика сияқты өнеркәсіптік мекемелерге жұмысқа барғысы келмеуінің басты себебі – жұмысшы мамандықтардың қадірі мен абыройының төмендеуі. Кәсіподақтар жұмысшы мамандықтардың жастарға қызықты әрі тартымды болу үшін үш басты шартты атап көрсетті. Біріншісі – лайықты жалақы. Екіншісі – ұжым. Көптеген кәсіпорындарда қызметкерлердің орта жасы жоғары болғандықтан, жастар ондай жерлерге барғысы келмейді, себебі өздерін ұжым мүшесі ретінде сезінбейді. Сондықтан басшыларға ұжымдарды жасарту, жастармен жұмыс істеу, олармен байланыс орнату міндеті жүктелуі тиіс. Себебі мүдделері мен өмірлік ұстанымдары ұқсас адамдармен жұмыс істеу – әлдеқайда жайлы. Бұл компания ішіндегі қарым-қатынасты да жеңілдетеді. Үшінші маңызды фактор – еңбек жағдайы. Адам уақытының көп бөлігін жұмыс орнында өткізетіндіктен, ол жер жайлы әрі баруға құлшыныс тудыратын жер болуы керек. Қорытындылай келе айтарым – «жұмысшы» деген ұғым біртіндеп тарих қойнауына кетіп барады. Бүгінгі күні «жоғары білікті маман» деген атау әлдеқайда өзекті, – деді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Айтпақшы, Өскемен көпсалалы технологиялық колледжінде жоғары білікті мамандарды даярлаумен 124 қызметкер – оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлері айналысады. Бұл оқу орнында екі бірдей кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді, екеуі де Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының құрамына кіреді.

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы кәсіподақ ұйымы жетекшілеріне әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс білдіріп, оларды ҚР Кәсіподақтар федерациясының Құрмет грамотасымен марапаттады.