Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) ұсынған Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай, «Астана» теміржол торабының кәсіподақ ұйымы активінің кезекті отырысы өтті.
Іс-шара барысында ҚАЗПРОФТРАНС «Астана» филиалының төрағасы Серік Сәрсекеев биылғы жылдың тақырыбына — «Еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы саласындағы революция: жұмыс орнындағы жасанды интеллект пен цифрландырудың рөлі» туралы кеңінен тоқталды.
Серік Сәрсекеев өз сөзінде цифрлық технологиялардың еңбек саласына әсері туралы атап өтті:
«Цифрлық технологиялар қазірдің өзінде әлемді өзгертуде және еңбекті қорғау да ерекшелік болып табылмайды.Олар цифрлық платформалардағы жұмыспен қамтуды, қашықтағы және гибридті еңбек форматтарын, жұмыстың жаңа түрлерінің пайда болуына алып келді. Бұдан басқа, жасанды интеллектті дамыту деректердің қауіпсіздігі мен құпиялылығын жоғалту тәуекелдерінің өсуіне әкеледі, ақыр соңында жасанды интеллектті пайдалану әлеуметтік теңсіздіктердің тереңдеуіне әкелуі мүмкін», — деді ол.
Ол сондай-ақ Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының жасанды интеллектті енгізуден туындайтын тәуекелдерді еңсеру бойынша бірқатар ұсыныстарына тоқталды.
«Серпінді технологиялар, әсіресе жасанды интеллект, жаһандық қоғамды ақпараттандырудың жаңа заманауи шындықтарында жеке адамның — жұмысшының бақылауымен және оның игілігі үшін ғана қолданылуы керек», — деп атап өтті ҚАЗПРОФТРАНС «Астана» филиалының төрағасы.
Отырыста қатысушылар еңбек қауіпсіздігі мен денсаулықты қорғау саласындағы жаңа технологияларды енгізудің маңыздылығын талқылап, жұмыс орындарында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру жолдарын қарастырды.
Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні – бұл жұмыс орындарында қауіпсіздік пен денсаулықты қамтамасыз етуге бағытталған жаһандық күш-жігерді қолдау және жаңа технологиялардың осы салаға әсерін түсіну үшін маңызды мүмкіндік.