Абай облысының жеңіл атлетикадан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымы бастауыш кәсіподақ ұйымын құрып, облыстық филиал құрамына ресми түрде қосылды. Осыған орай облыстық филиал төрағасы Гүлнар Оразбекова жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Зейнелғабыл Мейрамбекпен кездесу өткізіп, ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Кездесу барысында ұжымдық шарттың негізгі бөлімдеріне тоқталып, жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған әлеуметтік диалогты дамытудың маңыздылығы атап өтілді.
Атап айтқанда, қызметкерлер мен жұмыс беруші арасындағы еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес жасалатын еңбек шарты негізінде қалыптасатыны, тараптар арасындағы жауапкершіліктің арта түсетіні, қызметкерлердің еңбекақысы мен әлеуметтік кепілдіктерінің қамтамасыз етілетіні айтылды. Сонымен қатар, қызметкерлердің денсаулығын сақтау және сауықтыру шаралары да келісім-шарт арқылы реттелетіні түсіндірілді.
Кездесу барысында жұмыс берушінің қызметкерлерге ақылы еңбек демалысын беруі, сондай-ақ жыл сайынғы демалыс кезінде барлық санаттағы қызметкерлерге бір айлық жалақы көлемінде сауықтыру жәрдемақысы төленетіні де баяндалды. Бұған қоса, ядролық сынақтардың әсеріне ұшыраған аумақта тұратын және еңбек ететін барлық қызметкерлерге — “зардап шеккен адам” куәлігінің бар-жоғына қарамастан, 1991 жылдан кейін туғандарды да қамти отырып — жыл сайынғы қосымша ақылы демалыс берілетіні, оның ұзақтығы «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабына сәйкес белгіленетіні де атап өтілді.
Кездесу соңында облыстық филиал төрағасы Гүлнар Оразбекова жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысына сәттілік тілеп, бірлескен іс-қимылдың нәтижелі болуына сенім білдірді.