Астанада өтетін БЕАК Жазғы мектебінің күн тәртібі бекітілді: «Жұмыс орнындағы демократия, ұжымдық келіссөздер»

2024 жылғы 29–30 сәуір күндері Брюссель қаласында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастаған делегация Еуропа кәсіподақтар конфедерациясының (ЕКК) жиналысына қатысты. Бұл жиын шілде айында Астанада өтетін Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы (ХКК) жанындағы БЕАК Жазғы мектебіне дайындыққа арналды.

Кездесу барысында ұйымдастыру және техникалық мәселелер талқыланды, сондай-ақ секциялық отырыстардың тақырыптары нақтыланды. Жиын қорытындысы бойынша Астанада өтетін БЕАК Жазғы мектебінің күн тәртібі бекітілді. Ол: «Жұмыс орнындағы демократия және ұжымдық келіссөздер» тақырыбын қамтиды.

ЕКК-ның саяси кеңесшісі Лоренцо Репеттимен өткен кездесуде тараптар Еуропа кәсіподақтарының Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығы, кәсіподақтардың еркіндігі мен демократиялық қағидаларды бірлесіп дамыту, сондай-ақ Жазғы мектепке дайындық барысы жөнінде пікір алмасты.

Қазақстандық делегация Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бас хатшысы Люк Трианглмен де кездесті. Бұл кездесуде жаңа қоғамдық келісімге қол жеткізу, әлеуметтік әділеттілік қағидаларын ілгерілету, кәсіподақтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуы және ұжымдық келіссөздерге қатысу мәселелері қарастырылды.

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин ХКК өткізетін ынтымақ акцияларына қатысу тәжірибесі туралы, сонымен қатар қазіргі уақытта қолға алынған еңбек ақы төлеу, еңбек қауіпсіздігін сақтау және еңбекті қорғауға қатысты жұмыстар, сондай-ақ Еңбек кодексіне ұсынылып жатқан өзгерістер туралы айтты.

Өз кезегінде Люк Триангл Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының халықаралық кәсіподақ қозғалысының құндылықтарын, әлеуметтік әділеттілік пен демократиялық қағидаларды Орталық Азияда алға бастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Астанада өтетін Жазғы мектептің ұйымдастыру жұмыстары БЕАК Атқарушы хатшысы Антон Леппик және аға кеңесші Года Неверускайтемен кездесуде кеңірек талқыланды.

Климат пен әділ көшу мәселелері жөніндегі департамент директоры Джулия Лаганамен кездесуде климаттың өзгеруі, жасыл жұмыс орындарын құру және кәсіподақтардың осы саладағы рөлі сөз болды.

Сондай-ақ құқықтық департамент директоры Паапа Данкуамен кездесу барысында қауымдасу еркіндігі, халықаралық еңбек стандарттарын орындау және адам құқықтарының сақталуы мәселелері қарастырылды.

Іссапар барысында ҚРКФ делегациясы Бельгия кәсіподақтарының өкілдерімен де кездесті. Атап айтқанда, Бельгия Еңбек федерациясының халықаралық хатшысы Рафаэль Ламаспен, Бельгия Либералдық кәсіподақтарының халықаралық бөлім басшысы Мариза Ле Румен және Бельгия Христиан кәсіподақтары конфедерациясының халықаралық бөлім жетекшісі Карин Деброемен кездесті.

Бельгиялық әріптестер өз тәжірибелерімен бөлісіп, әлеуметтік диалогты құру жолдары, еңбекақыны индекстеу, ұжымдық келіссөздер жүргізу, еңбеккерлердің мүддесін қорғауға арналған акциялар, құқықтық көмек көрсету, жастармен және әйелдермен жұмыс жүргізу жайлы әңгімелеп берді.

Тараптар Қазақстан мен Бельгия ұлттық кәсіподақ орталықтары арасындағы ынтымақтастықты жалғастырып, әділетті өтпелі кезең қағидаттарын ілгерілетуге, сондай-ақ әлеуметтік диалог құру бойынша үздік тәжірибе алмасуға уағдаласты.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы