Астана қаласында «Қызмет» Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Кеңейтілген Орталық Кеңесінің отырысы өтті. Жиынға Орталық Кеңестің мүшелері қатысты.
Отырыс салалық кәсіподақ төрағасы Мирболат Жақыповтың 70 жылдық мерейтойына арналған салтанатты рәсіммен ашылды. Мерейтой иесіне Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінен, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановтан, Көлік министрі Марат Қарабаевтан, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтан, сондай-ақ Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен еліміздің 17 облысы әкімдерінен құттықтау хаттар жолданды. Жолданған құттықтауларда Мирболат Хабиұлының мемлекеттік қызметтегі көп жылдық адал еңбегі, жоғары кәсібилігі және Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының дамуына қосқан сүбелі үлесі атап өтілді.
Кейін отырыс барысында кәсіподақтың ағымдағы және болашақ қызметіне қатысты негізгі мәселелер қаралды. Атап айтқанда: «Қызмет» салалық кәсіподағының XII Съезін өткізу; кәсіподақ қызметінің бес жылдық есеп жобасы; бақылау-тексеру комиссиясының есебі;кәсіподақ төрағасы мен төраға орынбасары лауазымдарына кандидатуралар; кәсіподақ Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасы; Орталық кеңес пен Бақылау-тексеру комиссиясының жаңа құрамын бекіту; ҚР Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы лауазымына кандидатура.
Барлық мәселелер ашық, іскерлік және сындарлы атмосферада талқыланды. Кеңес мүшелері белсенді пікір алмасып, кәсіподақтың жұмысын жетілдіруге бағытталған нақты ұсыныстарын білдірді. Әсіресе, кәсіподақтың алдағы бес жылдық даму стратегиясын айқындайтын XII Съезге дайындыққа ерекше назар аударылды.
Бес жылдық есеп жобасын талқылау барысында өткен кезеңдегі жұмыс қорытындыланып, жетістіктер мен шешімін қажет ететін мәселелер сараланды. Кеңес мүшелері кәсіподақтың тиімділігін арттыруға және еңбеккерлердің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғаудағы рөлін күшейтуге бағытталған нақты ұсыныстар енгізді.
Кеңейтілген Орталық Кеңес отырысының қорытындысы бойынша кәсіподақтың ұйымдық құрылымын жетілдіру, қызметкерлердің мүдделерін қорғаудағы рөлін арттыру және XII Съезді жоғары деңгейде өткізуге дайындық бойынша маңызды шешімдер қабылданды.