Бас кеңес ҚРКФ құрамына жаңа мүше ұйымды қабылдады

2025 жылғы 6 мамыр, сейсенбі күні Астана қаласында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының (ҚРКФ) Бас кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиында күн тәртібіндегі маңызды мәселелер қаралып, стратегиялық шешімдер қабылданып, елдегі және халықаралық деңгейдегі кәсіподақ қозғалысының ұстанымдарын нығайтуға бағытталған халықаралық бастамалар талқыланды.

Бүгін Бас кеңес мүшелері ҚР Кәсіподақтар федерациясының құрамына жаңа мүше ұйым – Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар қызметкерлерінің салалық кәсіподағын («АКТ салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі) қабылдау туралы шешімді бірауыздан қабылдады.

ҚРКФ аппаратының басшы Нұрлыбек Жұмаштың айтуынша, бұл ақпараттық-коммуникациялық технологиялар қызметкерлерінің салалық кәсіподағы 2022 жылы құрылған және қазіргі уақытта 1500-ге жуық мүшесі бар 15 филиал мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарын біріктіреді.

ҚРКФ құрамына толыққанды мүше ретінде енуі туралы шешім 2024 жылы 10 желтоқсанда өткен салалық кәсіподақтың Орталық кеңесінің отырысында қабылданды.

Бас кеңес отырысында талқыланған маңызды мәселелердің бірі – Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бүкілеуропалық аймақтық кеңесі (ХКК БЕАК) ұйымдастыратын Жазғы мектепке дайындық барысы болды. Бұл іс-шара алғаш рет Қазақстанда 2025 жылдың 9–10 шілде күндері өтпек.

Аталған іс-шара туралы ақпаратпен ҚРКФ төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмагелдиева бөлісті.

«Жазғы мектептің Астанада өткізілуі туралы шешім 2025 жылы 16 қаңтарда ХКК-нің БЕАК Басқарушы комитетінің отырысында ресми түрде бекітілді. Бұл бастама алғаш рет 2024 жылғы қазан айында өткен БЕАК Атқару комитетінің 22-отырысында талқыланған болатын. Жазғы мектеп жұмысына Еуропаның көптеген елдерінен кәсіподақ төрағалары мен сарапшылар, сондай-ақ Халықаралық еңбек ұйымының, Еуропалық кәсіподақтар конфедерациясының, Еуропалық кәсіподақтар институтының және әріптес ұйымдардың өкілдері қатысады», – деді Гүлнар Жұмагелдиева.

БЕАК Жазғы мектебі — кәсіподақ белсенділері өзекті мәселелерді талқылайтын, тәжірибе алмасатын және еңбек құқықтарын қорғау жөнінде ортақ ұстаным қалыптастыратын жоғары деңгейлі пікірталас алаңы. Сонымен бірге, бұл алаң Еуропада және одан тыс аймақтарда кәсіподақ еркіндігінің бұзылуының алдын алуға бағытталған тетік қызметін де атқарады.

Жазғы мектептің негізгі назары «Кәсіподақтардың күшін нығайту – ұжымдық келіссөздер мен жұмыс орнындағы демократияны күшейту» тақырыбына бағытталады.

Жұмысшылардың құқықтары мен демократиялық институттарды қорғауға бағытталған Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының (ХКК) «Нәтиже беретін демократия үшін» атты жаһандық науқанына үлес қосу жоспарланып отыр.

Қазақстан үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы үшін бұл іс-шараның маңызы жөнінде ҚРКФ Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин өз пікірін білдірді.

«Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының дамуы барысында және елдегі кәсіподақ қозғалысының тарихында еуропалық кәсіподақтардың Жазғы мектебі Орталық Азия аумағында бұрын-соңды болмаған. Бұл – үлкен тарихи оқиға әрі Кәсіподақтар федерациясына білдірілген сенімнің көрінісі», – деп атап өтті ҚРКФ Төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, Жазғы мектепке Еуропаның 80 елінен ұлттық кәсіподақ орталықтары қатысатыны расталды. Сонымен қатар халықаралық кәсіподақ ұйымдарының жетекшілерінің Қазақстанға келуі маңызды әрі символдық мәнге ие болмақ.

«Әсіресе, Қазақстанға алғаш рет Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бас хатшысы Люк Триангл, Еуропалық кәсіподақтар конфедерациясының Бас хатшысы Эстер Линч, сондай-ақ Халықаралық еңбек ұйымының Еңбеккерлер бюросының директоры Мария Хелена Андре келеді. Олардың қатарында 80 елден кәсіподақ басшылары мен жауапты өкілдер, халықаралық сарапшылар да болады», – деді ҚРКФ Төрағасы.

Ол сондай-ақ Жазғы мектептің өткізілуі тек кәсіби форум ғана емес, Қазақстанды халықаралық аренада демократиялық және ашық мемлекет ретінде таныстырудың да бірегей мүмкіндігі екенін атап өтті.

«Жуырда біз Еуропалық кәсіподақтар конфедерациясы мен Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының өкілдерімен кездестік. Олардың барлығы іс-шараға зор қызығушылық танытып отыр. Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясын бүкіл өңірдегі кәсіподақ қозғалысының қозғаушы күші ретінде қарастырады. Осылайша, біз Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның атынан өкілдік етеміз. Бұл – зор құрмет және үлкен жауапкершіліктің белгісі», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Бас кеңес мүшелері сонымен қатар алдағы ҚРКФ XXVII Съезінің күн тәртібін бекітті. Съезд барысында Бас кеңестің өткен бес жылдағы қызметі бойынша есебі ұсынылады деп жоспарланып отыр.

Отырыс аясында жұмыскерлердің құқықтарын қорғау мәселесі бойынша әлеуметтік әріптестермен өзара іс-қимыл тақырыбы да мазмұнды талқылаудың өзегіне айналды.

«Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және халыққа қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ төрағасы Мирболат Жақыпов бір мамандандырылған министрлікпен өзара әрекеттесетін басқа салаларға қарағанда, оның ұйымы көптеген салаларды қамтитынын және бірнеше министрліктер мен ведомстволармен жұмыс істеуді талап ететінін атап өтті.

«Біздің қызметіміз көптеген саланың жұмысшыларын қамтиды. Сондай-ақ «Қызмет» кәсіподақ ұйымы 102 мыңнан астам қызметкерді біріктіреді, олардан тікелей мемлекеттік басқарудың тиімділігі, қаржы жүйесі мен халыққа қызмет көрсету сапасы тәуелді. Онымен қоса біз әлеуметтік әріптестік арқылы ұжымдық шарттар бойынша оң нәтижелерді көріп отырмыз», – деді ол.

Мирболат Жақыповтың айтуынша, қазіргі таңда салалық кәсіподақ 3 244 бастауыш кәсіподақ ұйымынан тұрады, олардың 93%-ы ұжымдық шарттарды бекіткен.

Әлеуметтік әріптестік мәселелері бойынша екінші спикер «Қазақстандық мұнайгаз салалық кәсіптік одағы» ҚБ аппаратының басшысы  Дәулет Абдусаттаров болды. Ол салалық кәсіподақтың жұмысына тоқталып, бұл кәсіподақ Қазақстандағы мұнай-газ және мұнай өңдеу компанияларының 25 мыңнан астам қызметкерін қамтитынын атап өтті.

Оның айтуынша, «ҚазМұнайГазПроф» Энергетика министрлігімен және «KAZENERGY» ассоциациясымен Әлеуметтік әріптестік пен еңбек қатынастарын реттеу бойынша салалық комиссиясы аясында белсенді жұмыс істейді. «Ұжымдық шарттардың шарттарын орындауға кеткен жалпы шығындар жыл сайын 35 миллиард теңгеден асады», – деп нақтылады спикер.

Әріптестерінің сөзін қорытындылай келе, Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин салалық кәсіподақтардың ұжымдық-шарттық қатынастарды дамытудағы табысты жұмысын атап өтті.

«Қызмет» кәсіподақ ұйымының ұжымдық келісімшарттарды монетизациялау туралы шешімі өте орынды болды. 2024 жылы осы келісімдердің шарттарын орындауға жұмсалған қаражат 195,2 миллион теңгені құрады, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 18 есе көп. Бұл кәсіподақтың әлеуметтік әріптес ретінде тиімді жұмыс істегенін көрсететін жақсы мысал. Мұнай-газ саласындағы ұжымдық шарттарға қатысты айта кетерлігі, «ҚазМұнайГазПроф» кәсіподақ ұйымында 27 жұмыс істеп тұрған ұжымдық шарттың 20-ында жалақыны индексациялау қарастырылған. Біз индекстеу мәселесін жоғары деңгейде көтеріп, алдағы уақытта осы жұмысты бірге жалғастырамыз», – деді Сатыбалды Даулеталин.

Кеңес барысында Кәсіподақтар федерациясының Бас Кеңесінің құрамына өзгерістер енгізіліп, бірнеше жаңа мүшелердің өкілеттіктері бекітілді. Сонымен қатар, екі мүшенің өкілеттіктері тоқтатылды. Жаңа өкілдер ретінде Қазақстандық мұнай-газ саласы кәсіподақ ұйымының төрағасы Асқар Бисенов және «Densaulyq» денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Сәкен Қатбаев тағайындалды.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы