Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тыл еңбеккерлерінің ерен еңбегі мен қажырлы қайраты – бүгінгі бейбіт өміріміздің берік негізі. Олар майдан шебінде болмаса да, тылда тынымсыз тер төгіп, Жеңіс күнін жақындатуға өз үлестерін қосты. Сол ауыр жылдардың куәсі болған ардагерлерге тағзым ету – кейінгі ұрпақтың қасиетті парызы.
Осы орайда, Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесі қарсаңында Шалқар және Хромтау аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының қолдауымен білім саласында ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек еткен тыл ардагерлеріне арнайы құрмет көрсетілді.
Кәсіподақ ұйымының өкілдері мен аудандық білім бөлімінің басшылары Бөпей Көрпебаева, Бижамал Жақсымбетова, Мақпал Карина, Бибіғайша Аманжолова және Валентина Шитюк, Жұпар Мамбеталина, Лиза Кәукарова апайлардың шаңырағына арнайы барып, мерекелік құттықтауын жеткізіп, сый-құрмет көрсетті.
Бұл шара – ардагерлерге деген шынайы алғыс пен құрметтің белгісі. Бүгінгі ұрпақ үшін олардың өмір жолы – өнеге, ал ерлігі мен еңбегі – тарихтың алтын парағы.
Білім саласының ардагерлеріне жасалған бұл ілтипат – өткенге тағзым, ерлікке құрмет, болашаққа бағдар болмақ.