Халықаралық мейірбикелер күні қарсаңында Шымкент қаласындағы «YNTYMAQ» кәсіпкерлік салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалы құрамындағы «KAMEYA CLINIC» көпсалалы клиникасында ерекше мазмұнды, жүрекке жылы салтанатты іс-шара өтті.
Аталған шарада денсаулық сақтау саласының алтын қазығы саналатын мейірбикелерге құрмет көрсетіліп, олардың өлшеусіз еңбегі мен адам өміріне деген адалдығы ардақталды. «YNTYMAQ» салалық кәсіподағының төрағасы Бауыржан Әлтеев мейірбикелер қауымын кәсіби мерекесімен құттықтап, өз ілтипатын білдірді. Ол өз сөзінде:
«Мейірбике мамандығы – тек кәсіби қызмет емес, ол – жанның тазалығы мен жүректің мейіріміне негізделген қасиетті жол. Сіздердің маңдай тер, табанды еңбектеріңіз қоғамның денсаулығы мен тыныштығына қызмет етеді. Осындай құрметке лайық жандарға алғысымыз шексіз», – деді.
Ерекше қуанышты жаңалық – ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен Шаймерденова Раиса Ғанифқызы марапатталды. Бұл – оның көп жылғы адал еңбегінің, жоғары кәсібилігі мен халық денсаулығына қосқан сүбелі үлесінің айқын бағасы.
Сонымен қатар, іс-шара аясында ерекше көзге түскен бірқатар мейірбикелерге «Елеулі еңбегі үшін» медалі табысталды. Бұл марапат олардың кәсіби біліктілігімен қатар, адамгершілігі мен жанашырлығын мойындаудың белгісі болды.
Марапат иегерлері:
• Есходжаева Жанар Тасполатқызы
• Мәдібек Ақнұр Мэлсқызы
• Ыдырысова Ақмарал Есенгельдиевна
Салтанатты шара аясында, сонымен қатар, Дүниежүзілік мейірбикелер күніне орай шығармашылық пен кәсіби бәсекеге толы мерекелік байқау ұйымдастырылды.
Байқауға 3 команда қатысып, үш кезең бойынша сынға түсті:
1. Сәлемдесу және таныстыру
2. Шығармашылық кезең
3. Кәсіби шеберлік сайысы
Қатысқан командалар:
• ВОП-2 – «Мамандығым – мақтанышым»
• ВОП-1 – «Дені бардың – емі бар»
• Арнайы бөлімше – «Мейірімді мейірбикелер»
Барлық қатысушылар ерекше өнер көрсетіп, сахнада өздерінің актерлік, музыкалық және кәсіби қабілеттерін жоғары деңгейде танытты.
Бас жүлде – I орын ВОП-2 командасына бұйырып, 80 000 теңге ақшалай сыйлық табысталды.
II орын – ВОП-1 командасына (70 000 теңге),
III орын – Арнайы бөлімшенің командасына (60 000 теңге) бұйырды.
Байқаудың көркін ашқан бұл тартымды, әсерлі нөмірлер үшін қатысушыларды клиника директоры Жансерік Нұрғазы Суетов жеке құттықтап, өзінің жылы лебізін жеткізді.
Шынайы алғысымызды білдіре отырып, барлық мейірбикелерге зор денсаулық, кәсіби табыс, отбасылық амандық пен шексіз шабыт тілейміз!
Сіздердің мейірімдеріңіз – адам өмірінің үміті, ал еңбектеріңіз – қоғамның шынайы бағасына лайық!