Жыл сайын 12 мамыр күні әлем елдері Халықаралық мейірбикелер күнін атап өтеді. Бұл күн – денсаулық сақтау саласында ерекше орын алатын, адам жанына араша түсіп жүрген ақ халатты жандарға көрсетілетін құрмет пен алғыстың белгісі.
Мейірбике – тек медициналық көмек көрсетуші маман ғана емес, сонымен қатар әр науқастың көңіл күйін бақылап, оларға үміт пен сенім ұялататын жанашыр тұлға. Олар күн сайын адам өмірі үшін күресіп, түн ұйқысын төрт бөліп, сырқат жандардың жанында болады. Мейірбикелердің еңбегі – көзге көрінбейтін, бірақ әрбір сауығып шыққан адамның жүрегінде қалатын ізгілік пен адалдықтың көрінісі.
Осы ретте кәсіби мерекеге орай «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі өз ісіне адал, жоғары кәсіби біліктілік көрсетіп, ұзақ жылдар бойы медицина саласында қызмет етіп келе жатқан облыстық клиникалық аурухананың емдеу орталығының мейірбикелері Гүлсім Баймолдаева мен Жібек Мусабекованы облыстық және салалық кәсіподақтың Құрмет грамоталарымен марапаттап, ақ халатты абзал жандардың қоғамдағы алатын орны мен олардың өлшеусіз еңбегі туралы жылы лебізін білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Өз кезегінде марапат иелері көрсетілген құрметке алғыс білдіріп, бұл қуанышты сәт олардың одан әрі шабыттана еңбек етулеріне серпін беретінін атап өтті.