15 мамыр, бейсенбі күні, Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің басшылығымен қазақстандық делегация Бейжің қаласында өтіп жатқан «Жарқын болашақ үшін ортақ үй құру» тақырыбындағы Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің кәсіподақ көшбасшыларының Кеңесіне қатысты.
Жиын аясында пленарлық отырыспен қатар бірнеше тақырыптық сессиялар өтті. Олар мәдени алмасу, ШЫҰ елдері арасындағы ынтымақтастықты күшейтудегі кәсіподақтардың рөлі, сондай-ақ цифрлық технология мен платформалық экономика жағдайында еңбек құқықтарын қорғау мәселелеріне арналды.
Жиынның ашылуында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдері халықтарының болашағына деген ортақ жауапкершіліктің үлгісі — өзара құрмет пен сенімге негізделген әріптестік екенін атап өтті.
«Қазақстан мен Қытай — стратегиялық серіктестер. Ал серіктестік — бұл тек экономика мен инвестиция емес. Бұл — ең алдымен, құрмет, сенім және ортақ құндылықтар. Осыны біздің құрметті басшыларымыз — Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин нақты көрсетіп отыр. Олардың диалогы — өзара құрметке негізделген, нәтижелі ынтымақтастықтың жарқын үлгісі. Біз ынтымақтастығымыздың логистикадан бастап білім, мәдениет және әлеуметтік саясатқа дейінгі барлық бағыттарда дамып жатқанына қуаныштымыз», — деді Қазақстан кәсіподақтарының көшбасшысы.
Сатыбалды Дәулеталин қазіргі өзгермелі заманда кәсіподақтар тек бейімделіп қана қоймай, өз қызметін жаңғыртуы қажет екенін атап өтті.
«Әлем технологиялық өзгерістерден бастап климаттық қауіптерге дейінгі ауқымды сын-қатерлерге тап болып жатқанда ортақ көзқарас идеясы аса маңызды болмақ. Шанхай ынтымақтастық ұйымы — бұл еңбекке құрмет көрсетілетін, құқықтар қорғалатын, адам бағаланатын, ал ынтымақтастық ұран емес, өзара әрекеттестіктің іргетасы саналатын ортақ үй. Аймақтағы елдердің кәсіподақтары мемлекеттерді, мәдениеттерді, экономикалық модельдер мен тәсілдерді ортақ игілік үшін біріктіре алатын ерекше әлеуетке ие. Қазақстанның Кәсіподақтар федерациясы Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы ұсынған Жаңа қоғамдық келісім қағидаттарын белсенді түрде ілгерілетуде. Бұл — әділ әрі тұрақты болашаққа арналған заманауи негіз. Оның өзегінде — әлеуметтік теңдік, климаттық жауапкершілік, әділетті көшу және инклюзивті өсім жатыр. Біз мынаны нақты білеміз: тұрақты даму үшін кәсіподақтар мықты, стратегиялық ойлайтын және технологияға бейімделе алатын болу керек. Кәсіподақтар өзгерістердің соңынан ермей, соларды өздері қалыптастыруы керек», — деп атап өтті ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин.
ШЫҰ елдері кәсіподақтарының ынтымақтастығы туралы сөз қозғай отырып, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы қазақстандық кәсіподақтардың аймақтағы әріптестерімен бірлесіп, еңбеккерлердің мүддесін қорғаудың жаңа жолдарын іздеуге дайын екенін айтты.
«Кәсіподақтар — әлеуметтік тұрақтылық пен әділетті дамудың сәулетшісіне айналуда. Біз диалогты нығайтуға, әріптестіктің аясын кеңейтуге және өзіміздегі құнды дүниелермен — білімімізбен, тәжірибемізбен, табысты практикамен бөлісуге дайынбыз. Адам, еңбек және әділет басты құндылық саналатын тұрақты жүйені тек бірлесе отырып қана құра аламыз», — деді ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин.
Платформалық экономика жағдайында еңбек құқықтарын қорғау және кәсіподақтардың цифрлық-интеллектуалдық дамуы тақырыбындағы сессияда Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының ұстанымын төрағаның орынбасары Гүлнар Жұмагелдиева таныстырды.
Ол өз сөзінде Қазақстанда да, бүкіл әлемдегідей, бейресми , соның ішінде платформалық жұмыспен қамту өсіп келе жатқанын атап өтті. Сарапшылардың мәліметінше, бүгінде республикада түрлі интернет-платформаларда шамамен 1 миллион адам жұмыс істейді және олардың көпшілігі әлеуметтік кепілдіктерден тыс қалып отыр.
Сонымен қатар, қазір елімізде еңбек қатынастарын цифрландыру, жаңа жұмыс формалары мен икемді жұмыс кестелері сияқты маңызды бағыттар қарқынды дамып келеді.
«Бейресми түрде жұмыс істейтін азаматтардың мәселелері ұзақ уақыт бойы шешілмей келді. Себебі еңбек заңнамасында бұл сала нақты реттелмеген болатын. 2021-2023 жылдары кәсіподақтар жаңа Әлеуметтік кодексті әзірлеуге қатысып, оның құрамына бірқатар икемді жұмыс түрлерін — бірлескен жұмысқа орналасу, жылжымалы жұмыс кестесі, тараптар келісімі бойынша төрт күндік жұмыс аптасы және басқа да тәсілдер енгізілді», — деді делегация өкілі.
Гүлнар Жұмагелдиева сонымен қатар, қазіргі өзгерістер дәуірінде әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеуде ҚР Кәсіподақтар федерациясы Халықаралық еңбек ұйымы мен Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының ұсыныстары мен конвенцияларына сүйене отырып, халықаралық стандарттарды ілгерілетіп жатқанын айтты.
Сондай-ақ, жаңа технологиялардың қарқынды дамуы мен олардың еңбек нарығына әсеріне тоқталған ол Қазақстанда «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы әзірленіп жатқанын жеткізді. Бұл құжатта кәсіподақтардың қызметкерлердің құқықтарын қорғауға қатысуы, атап айтқанда өндіріс орындарына жасанды интеллект енгізу кезінде жұмысшылардың мүдделерін сақтау нормалары қарастырылған.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Орталық Азиядағы кәсіподақ бірлестіктерінің интеграциялық құрылымдарының ажырамас бөлігі ретінде өңірлік деңгейде нақты ұсыныстар енгізіп келеді. Мысалы, биыл сәуір айында Бішкекте өткен Орталық Азия елдері кәсіподақтарының VII кеңесінде Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы жасанды интеллект дәуірінде қызметкерлердің құқықтарын қорғауға арналған арнайы стандарт әзірлеуді ұсынды.
«Бұл жерде әлеуметтік әріптестік институтының рөлі ерекше артады. Ол жұмысшыларды оқшаулап тастамауға, керісінше, жайлы еңбек ортасын құруға бағытталған шараларды әзірлеуге ықпал етуі керек. Мемлекеттер бұл өзгерістерге байланысты еңбек қатынастарын тұрақтандыру үшін қазірден бастап құқықтық, экономикалық және әлеуметтік стратегия әзірлеуі маңызды. Жасанды интеллектті жауапкершілікпен енгізуде үкімет басты рөл атқарады. Олар бизнес пен кәсіподақтармен бірлесіп, этикалық шеңберлер мен бақылау тетіктерін жасап шығуы тиіс», – деді Гүлнара Жұмагелдиева.
Қазақтандық спикердің айтуынша, ұлттық деңгейде жұмыс берушіге жасанды интеллект арқылы қызметкердің жұмысын ауыстырған жағдайда оны қайта оқыту немесе жаңа жұмыс табуға көмектеспестен жұмыстан босатуға тыйым салатын заңнамалық шектеулер енгізу қажет. Сондай-ақ, сервистік роботтармен жұмыс істеуді талап ететін жаңа жұмыс орындарын кәсіподақтың келісімінсіз ашуға болмайтынын атап өтті.
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің кәсіподақ көшбасшылары бұл жиында тәжірибе алмасу мен өзара тиімді тәжірибелермен бөлісуді жандандыруға, сондай-ақ жаңа жұмыс түрлерін реттеудің ортақ жолдарын бірлесіп әзірлеуге уағдаласты. Жиын қорытындысы бойынша өңір елдеріндегі әлеуметтік әріптестерге арналған арнайы ұсынымдар қабылданды.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы