Қызылорда облыстық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат салалық кәсіподағының белсенділеріне, ұйымдардан жұмыскерлер өкілдері мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарынының төрағаларына арналған оқу семинары өтті.
Кәсіподақ көшбасшылары мен жұмыс беруші өкілдерінің басын жинаған оқытуда облыстық салалық кәсіподақ төрағасы Раушан Үмбетова кіріспе сөз сөйлеп, кәсіподақ қозғалысындағы оқу процестерінің маңыздылығына тоқталды. Семинарда дәрісті халықаралық еңбек ұйымының оқу орталығында оқулардан өткен тәжірибелі дәріскер- тренер, фасилитатор, ҚР Кәсіподақтар федерациясының дәріскерлер пулы мүшесі Майра Боранбаева жүргізді.
Семинар-оқытуда қатысушыларға келесі бағыттар бойынша ақпараттар берілді:
• 2023-2025 жылдардағы Еңбек кодексіндегі өзгерістер мен заң нормаларының қолдану тәжірибесі;
• Еңбек заңнамасындағы өзгеріске ұшыраған баптар бойынша түсіндірме;
• Кәсіподақтар қызметінің құқықтық реттелуі, жұмыс беруші мен жұмысшының құқықтары мен міндеттері.
Оқу барысында өзге де өзекті мәселелер мен сұрақтар қаралды. Дәріскер Майра Боранбаева еңбек қатынастарында тәжірибеде жиі кездесетін жағдайларды мысалға ала отырып түсіндірме жүргізді.
Қатысушылар тарапынан жеке еңбек дауларының келісу комиссиясында қаралу тәртібі, мереке, демалыс күндердегі еңбекке ақы төлеу, ұжымдық шарттарда кәсіподақ белсенділеріне кепілдіктер мен қызметіне жағдай жасау туралы ережелерді енгізу сынды және басқа да көптеген сұрақтар қойылып, талқыланды.