Ақтөбе облысында кәсіподақтар орталығының Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті

Ақтөбе облысында салалық және жергілікті кәсіподақ ұйымдарының аумақтық құрылымдары бас қосқан Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

  Жиын барысында кәсіподақ қозғалысының өзекті мәселелері қаралды. Атап айтқанда, жуырда Астанада өткен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесінің отырысының қорытындылары, Федерацияның XXVII съезіне дайындық және оны ақпараттық сүйемелдеу тұжырымдамасы талқыланды.

Ақтөбе облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, ҚРКФ Бас кеңесінің мүшесі Алтынбек Әмірғалиев Астанада қабылданған шешімдер жөнінде баяндама жасады.

Сондай-ақ, 2025 жылғы 9–10 шілде күндері Астанада алғаш рет өтетін БЕАК Жазғы мектебі туралы айтылды. Іс-шараға Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ), Еуропалық кәсіподақтар конфедерациясы және өзге де ұйым өкілдері қатысады. Жазғы мектептің тақырыбы – «Кәсіподақ күшін нығайту: Ұжымдық келіссөздер және жұмыс орнындағы демократия».

Кеңес отырысында ҚРКФ XXVII съезіне ақпараттық сүйемелдеу аясында ұсынылған «Бес жыл – бес жеңіс» және «Менің сұрағым – съезге» атты жобалар таныстырылды.