Жұмыспен қамту – болашаққа салынған инвестиция

Қызылорда облысында жұмысшы мамандықтар жылы аясында Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен «Болашаққа бағдар» атты бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңкеге Қызылорда облыстық, қалалық маслихаттардағы фракция мүшелері, басқарма басшылары мен Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев қатысты.
Аталмыш шара «Нұрсәт» теннис орталығында өтіп, түрлі кәсіпорындардан бос жұмыс орындары ұсынылды. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Абай, Ұлытау, Павлодар облыстары, жергілікті «Аksa Еnergy Qyzylorda» компаниясы, «Автобус паркі», «Қорқыт ата» әуежайы, «КазАтомпром» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорындары және аймақтағы ірі құрылыс компаниялары.


Жәрмеңке барысында 8 мыңнан астам жұмыс орындары яғни, СҚО – 2135, ШҚО – 348, Ұлытау – 164, Абай – 576, Қостанай – 709, Павлодар -4100 және жергілікті жұмыс берушілерден 301 жұмыс орыны ұсынылды.


Шара барысында Қызылорда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев сөз сөйлеп, екі облыс арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлестері үшін облыс әкімі Н.М. Нәлібаевтың атынан «Алғыс хаттар» табысталды, сонымен қатар, үздік тауар өндірушілер мен жұмыс берушілердің еңбегі еленіп марапатталса, жұмысшы мамандықтар даярлауға үлес қосып жүрген колледждің түлектері арасынан 3 жас маманға тұрақты жұмысқа жолдама берілді.


Атап өту керек, өңірімізден соңғы 5 жылдың ішінде 688 отбасы солтүстік өңірлерге қоныс аударған. Қоныс аударушылардың ішінен 80 пайызы тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Жергілікті әкімдіктермен қоса жұмыс берушілердің қолдауымен тұрғын үймен, бір реттік материалдық көмекпен қамтамасыз етіліп, коммуналдық төлемдер мен жалдамалы тұрғын үй шығындарын өтеу үшін қаржылай қолдау алған.