2025 жылы 20 мамырда, Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік наградалар беру туралы Жарлығы жарияланды.
Осы лайықты есімдер қатарында өңіріміздің мәдениет майталманы, Көкшетау қаласындағы Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының әртісі Қайрат Мырзаболатов бар. Ол «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болды.
Қайрат Мырзаболатов – Көкшетау қазақ театрының негізін қалаушылардың бірі, сахнада сомдаған бейнелерімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленген шебер әртіс. Өнерге деген адалдығы, таланты мен кәсіби шеберлігі арқылы ол көпшілікті тәнті етті. Театр өнерін дамытуға қосқан үлесі зор.
Бұл марапат Қайрат Мамытұлы мен оның отбасына ғана емес, күллі Көкшетау мәдени қауымдастығына және шынайы өнерді бағалайтын барша жанға ортақ қуаныш.
Қайраттың әріптесі ретінде, бұл жоғары марапатқа үлес қосқан театр ұжымын, театр директоры Жарас Қалдаров бастаған шығармашылық топты да шын жүректен құттықтаймыз.