Шымкент қаласындағы «Қызғалдақ» мәдениет сарайында Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Шымкент қаласының Білім басқармасына қарасты «Әдістемелік орталықтың» ұйымдастыруымен кәсіби бағдар беру форумы өтті. Бұл шара жастар үшін жаңа мүмкіндіктер мен тың бағыттардың алаңына айналды. «Таңда! Өзгер! Жасампаз бол!» ұранымен өткен форум — жастарға бағыт, ата-анаға сенім, қоғамға үміт сыйлаған айтулы іс-шара болды.
Форумға ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев, қала әкімінің орынбасары Сарсен Құранбек, шетелдік университеттердің еліміздегі филиалдарының өкілдері, қаладағы жоғары оқу орындары мен колледждер қатысты. Іс-шараға қаламыздағы 300-ге жуық мектептің 9–10 сынып мектеп бітіруші оқушылары мен ата-аналары — жалпы саны 2000-нан астам адам қатысты.
Форумның басты мақсаты — болашақ маман иесін өз таңдауына жауапты қарауға үйрету, заман талабына сай бағыт беру.
Мектеп оқушылары білім беру мекемелерінің ұсыныстарымен, жаңа бағдарламалармен танысты. ЖОО мен колледждер түлектерге мамандық таңдауда кеңес беріп, нақты мүмкіндіктерді көрсетті.
Ерекше назар аударылған жоба — Аризона университетінің қазақстандық бастамасы.
Kozybayev University-мен стратегиялық серіктестік аясында іске қосылған қос дипломдық бағдарлама жастарға:
• ағылшын тілінде білім алу,
• АҚШ пен Қазақстан дипломын қатар иелену,
• Тусон қаласындағы (АҚШ) кампуста оқуға мүмкіндік,
• үздік талапкерлерге арналған тегін оқу,
• заманауи цифрлық дағдыларды меңгеру сынды артықшылықтар ұсынады.
Форум тек мамандық таңдауға ғана емес, еңбек мәдениеті мен әлеуметтік әділеттілікке де ерекше назар аудартты. Бұл бағытта Шымкент қалалық кәсіподақтар орталығы белсенділік танытты.
Кәсіподақтар — жастар мен еңбек нарығы арасындағы алтын көпір:
• Жас мамандардың еңбек құқықтарын қорғайды
• Құқықтық сауаттылық пен кәсіби этикаға баулиды
• Әлеуметтік әріптестік пен әділетті еңбекті дәріптейді
• Білім беру ұйымдарымен бірлесе отырып, кәсіби бейімдеу мен менторлық жүйелерін жүзеге асырады
Жұмысшы мамандықтар жылы — еліміздің ертеңіне еңбек адамы арқылы жол ашатын тарихи кезең.
Кәсіподақтар мен білім саласының серіктестігі – жас ұрпақтың болашағы үшін жасалып жатқан нақты қадам.