Астанадағы құрылыс нысанында еңбек қатынастарына қатысты кешенді түсіндіру шарасы өтті

Астана қаласында «BI Group» компаниясы салып жатқан ParkLand тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында еңбек қауіпсіздігі мен жұмысшылардың құқықтарын сақтау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Іс-шараның мақсаты – құрылыс саласында еңбек қатынастарын заңнама талаптарына сәйкес ұйымдастыру, жұмысшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарының сақталуын қамтамасыз ету.

Аталған іс-шараға Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының заңгері Азамат Менсейітов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің өкілі Рустам Жандосов және Сарыарқа аудандық прокуратурасының өкілі Будур Ахметова қатысты.

Кездесу барысында мамандар құрылыс компаниясының жұмысшыларымен және өндіріс басшылығымен кездесіп, еңбек шарттарының жасалуы, жалақының уақытылы төленуі, еңбек қауіпсіздігі талаптарының орындалуы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, еңбек заңнамасын бұзу фактілері орын алған жағдайда қызметкерлердің қандай органдарға жүгінуі қажет екені түсіндірілді.

Іс-шара барысында құрылысшылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды. Мұндай кездесулер еңбек дауларының алдын алуға, өндірістегі қауіпсіздікті арттыруға және жұмыс беруші мен жұмысшы арасында өзара сенімді қатынасты нығайтуға ықпал етеді.