ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі жанындағы Сараптамалық кеңестің екінші отырысы өтті.
Кеңес отырысына «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қорының директоры Жандос Түсмағамбетов, Жергілікті полиция қызметі басқармасының «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық» бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Ләйла Туысбаева, сондай-ақ Қызылорда облысының Денсаулық сақтау басқармасы мен Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жауапты қызметкерлері, кеңес мүшелері мен кәсіподақтар өкілі Майра Боранбаева қатысты.
Күн тәртібінде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттарының сақталуын бағалауға арналған мониторинг нәтижелері бойынша анықталған өзекті мәселелер қаралды.
Отырыста дағдарыс орталықтарының қызметі, облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен жергілікті полиция қызметінің аталған саладағы жұмысы бойынша баяндамалар тыңдалды. Қатысушылар нақты ұсыныстарын білдіріп, тиісті шешімдер қабылдады.
Сараптамалық кеңес мүшесі, кәсіподақтар өкілі Майра Боранбаева күн тәртібіндегі мәселеге қатысты өз ойын білдіріп, еңбек заңнамасындағы өзгерістер жөнінде ақпарат ұсынды. Оның айтуынша, 2024 жылғы Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, жұмыс беруші тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен жұмыскерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарда болған кезеңге жалақы сақталмайтын, бірақ күнтізбелік отыз күннен аспайтын демалыс беруге міндетті.