Сатыбалды Дәулеталин Халықаралық еңбек конференциясының 113-сессиясында ҚРКФ бастамаларын жариялады

Сәрсенбі, 4 маусым күні Женева қаласындағы Ұлттар сарайында өткен Халықаралық еңбек конференциясының 113-сессиясы аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастаған делегация пленарлық отырысқа қатысты. Бұл отырыста Конференция қатысушылары Халықаралық еңбек ұйымының Бас директоры Жильбер Унгбоның баяндамасын талқылады.

«Жұмыс орындары, құқықтар және өсім: өзара байланысты нығайту» атты дәстүрлі жыл сайынғы баяндамасында ХЕҰ Бас директоры жаһандық өзгерістер мен сын-қатерлерге байланысты еңбек саласындағы өзекті мәселелерге тоқталды. Олар: климаттың өзгеруі, жаңа технологиялардың енуі, экономикалық тұрақсыздық. Жильбер Унгбоның пікірінше, бұл мәселелерді тек әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптары – үкімет, жұмысшылар мен жұмыс берушілер өкілдері – тең дәрежеде қатысатын әлеуметтік диалог арқылы ғана шешуге болады.

«Тез өзгеріп жатқан әрі белгісіздікке толы қазіргі кезеңде әлеуметтік диалог – инклюзивті экономикалық өсімге, әділетті еңбек жағдайларын қалыптастыруға және жауапты институттар құруға бастайтын ең тиімді жол. Әлеуметтік әділеттілікке жету – әрбір адамның жеке, ұлттық және жаһандық деңгейдегі міндеті. Жаһандық тұрғыда серіктестік демократиялық құндылықтарға негізделуі керек», – делінген ХЕҰ Бас директорының баяндамасында.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнімен тұспа-тұс келген бұл күннің айрықша символдық мәні бар. Себебі Халықаралық еңбек конференциясы мінберінен алғаш рет қазақ тілі естілді — ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин 113-сессияның пленарлық отырысында өзінің баяндамасын мемлекеттік тілде ұсынды. Қазақстан делегациясының басшысы ХЕҰ Бас директорының баяндамасында айтылған басым бағыттарды қолдайтынын айтты.

«Қазіргі таңда еңбек әлемі ауқымды өзгерістер кезеңін бастан өткеріп жатыр. ХЕҰ Бас директорының баяндамасында бұл шындық нақты әрі дәл көрсетілген: жұмыспен қамту, құқықтар мен экономикалық өсім арасындағы өзара байланыс тек есепке алуды ғана емес, стратегиялық басқаруды талап етеді. Біз экономикалық өсімге қарамастан, сапалы жұмыс орындарының жеткілікті түрде құрылмай жатқанын көріп отырмыз. Бұл — алаңдатарлық үрдіс: экономикалық өсім бар, бірақ сапалы жұмыспен қамту ілеспей келеді. Мұндай «жұмыспен қамту алшақтығы» — бұл жай ғана экономикалық ауытқу емес, бұл қоғамдық келісімнің бұзылу белгісі. Бүгінгі таңда әлеуметтік диалог бұрынғыдан да маңызды: ол формалды рәсім ғана емес, демократиялық сенім инфрақұрылымына айналуы тиіс. Цифрлық трансформация дәуірінде біз “технологиялық неолиберализм” сценарийіне жол бермеуіміз қажет. Өйткені ондай жағдайда бүкіл пайда санаулы адамдардың қолына шоғырланып, ал тәуекел мен ауыртпалық көпшіліктің иығына түсуі мүмкін. Сондықтан еңбек адамының үні даму стратегиясының өзегінде тұруы тиіс. Кәсіподақтар – бұл тек жекелеген жұмысшылар санатының мүддесін қорғайтын ұйым ғана емес, олар – тұрақты болашақтың институционалдық серіктестері», – деді Қазақстан делегациясының басшысы.

Сатыбалды Дәулеталин Орталық Азия туралы айта келіп, өңірдің де қазіргі жаһандық сын-қатерлердің ықпалынан тыс қалмағанын айтты.

«Орталық Азия да бірқатар ортақ қиындықтарға тап болып отыр: бейресми жұмыспен қамтудың жоғары деңгейі, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен цифрлық платформаларда еңбек ететіндердің әлеуметтік тұрғыдан әлсіз қорғалуы, әлеуметтік қорғау жүйесінің шектеулі қамтуы және еңбек заңнамасын түбегейлі жаңарту қажеттілігі. Соған қарамастан, біз Орталық Азияда лайықты еңбек тұрақты экономикалық өсімнің берік іргетасына айнала алады деп сенеміз. Бұл тұрғыда Қазақстан өңірлік деңгейде лайықты еңбекті ілгерілетуде маңызды рөл атқара алады. Біз, Кәсіподақтар федерациясы, ХЕҰ бастамаларына, диалогқа және аймақтағы, сондай-ақ аймақтан тыс серіктестермен үздік тәжірибе алмасуға белсенді қатысуға дайынбыз. Біз тұрақты экономикалық өсімді, әлемге ашықтықты және мемлекеттің халықаралық еңбек құқықтары қағидаттарын ұстануға деген нақты ұстанымын көріп отырмыз. Мұның барлығы оң өзгерістер үшін кеңістік ашады. Ал біз, кәсіподақтар, осы үдерісте орнықты әрі теңгерімді шешімдер ұсына алатын конструктивті серіктес болуды мақсат етеміз», — деді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Халықаралық еңбек конференциясының 113-сессиясында Қазақстан кәсіподақтарының көшбасшысы Сатыбалды Дәулеталин ҚРКФ-ның нақты ұсыныстарын жария етті.

«Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы атынан біз тек еліміз үшін ғана емес, сондай-ақ өтпелі экономикасы бар басқа мемлекеттер үшін де пайдалы болатын үш негізгі ұсынысты алға тартамыз», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Бірінші ұсыныс: экономикалық немесе инвестициялық жоспар жасалғанда, оның еңбек нарығына қалай әсер ететінін міндетті түрде алдын ала бағалау керек. Ол үшін бағалау тетігін енгізу қажет. Инфрақұрылымдық жобалардан бастап сауда келісімдеріне дейінгі кез келген ауқымды бастама оның лайықты еңбекке тигізер әсері жан-жақты сараланбайынша қабылданбауы тиіс.

Екінші ұсыныс: жасанды интеллект және платформалық жұмыспен қамту саласына арналған халықаралық еңбек стандарттарын әзірлеу. Бұл тек декларация деңгейінде қалмай, №190 немесе №102 Конвенцияларына ұқсас толыққанды нормативтік құжат болуы керек.

Үшінші ұсыныс: кәсіподақтардың трансформациясын қолдау. Біз Халықаралық еңбек ұйымынан Орталық Азиядағы кәсіподақтарға арналған цифрландыру және жаңа санаттағы жұмыскерлермен жұмыс істеуге бағытталған Аймақтық инновациялық орталықты Қазақстанда құру мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Өз сөзінің соңында қазақстандық делегация басшысы Халықаралық еңбек ұйымына көрсеткен қолдауы мен елдер арасындағы өзара пікір алмасуға жағдай жасағаны үшін алғыс білдірді.

«Біз Халықаралық еңбек ұйымына және жеке өзіңізге, мырза Унгбо, көшбасшылық пен қолдауларыңыз үшін, сондай-ақ еңбек адамдарының дауысы шынайы естілетін алаңды қалыптастырғандарыңыз үшін шын жүректен алғыс айтамыз. Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы бұл жолда әріптес болуға, тәжірибе алмасуға, оқуға және сіздермен бірге лайықты еңбек пен әділеттілік үшін күресуге дайын. Қазір біздің алдымызда үлкен мүмкіндік бар. Егер оны жіберіп алсақ, әділетті болашаққа жол жабылады. Ал егер дұрыс пайдалансақ — еңбек адамның абыройына, еркіндігіне және дамуына сенімді жол бола алады», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Айта кету керек, Халықаралық еңбек конференциясының мінберінен айтылған барлық бастамалар 113-сессияның қорытынды құжаттарына енгізілетін болады.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының делегация мүшелері Конференция комитеттерінің жұмысына да белсенді қатысуда.

Еске сала кетейік, Конференция күн тәртібіндегі мәселелерді талқылау үшін арнайы комитеттер құрады. Бұл комитеттер сессия барысында қатарласа жұмыс істеп, сессия соңында конференцияның Пленарлық отырысына қарау үшін қарарларды, ұсынымдар мен қорытынды құжаттарды ұсынады.

113-сессия барысында ХЕҰ-на мүше 187 елдің үкімет, жұмыс беруші және жұмыскер делегаттары келесі өзекті мәселелерді талқылауда: өндірістік ортада жұмысшыларды биологиялық қауіптерден қорғауға арналған жаңа халықаралық стандарттар, платформалық экономикадағы лайықты еңбек және бейресми экономикадан ресми секторға өтуді қолдаудың инновациялық тәсілдері.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы