Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті

«Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлінің төрағалығымен Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынға салалық кәсіподақ филиалдарының және жергілікті кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен кәсіподақ бірлестігі қызметкерлері қатысты.

Отырыс барысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының кезекті съезін дайындау және өткізу, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы Бүкілеуропалық аймақтық кеңесінің Жазғы мектебі туралы, мекемелер мен өндіріс орындарында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еңбекті қорғау және жазатайым оқиғалардың алдын алу шаралары, сондай-ақ «Парыз» және «Еңбек жолы» конкурстарына үміткерлерді ұсыну мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, өзге де ағымдағы мәселелер қаралды.

Отырысты ашқан Бердіғали Өмірәлі қатысушыларды күн тәртібімен таныстырып, жиынның басты мақсаты – алдағы жұмыстарды үйлестіру және еңбек қатынастарына қатысты өзекті мәселелерді бірлесе шешу екенін атап өтті. Ол өз сөзінде: «Бүгінгі таңда кәсіподақ қозғалысының рөлі артып келеді. Алдағы 11 шілде күні өтетін ҚР Кәсіподақтар федерациясының съезі – осы бағыттағы маңызды оқиға. Сондықтан біз оған тыңғылықты дайындалуымыз қажет», – деді.

Сондай-ақ ол Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы Бүкілеуропалық аймақтық кеңесінің Жазғы мектебі туралы сөз қозғап, бұл іс-шара кәсіподақ көшбасшылары үшін тәжірибе алмасудың тиімді алаңы екенін атап өтті.

Кеңес барысында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, жұмыс орындарындағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мәселелері кеңінен сөз болды. Төраға: «Қауіпсіз еңбек – басты басымдық. Әрбір мекемеде бұл мәселе үнемі назарда болуы тиіс. Біз тексерумен шектеліп қалмай, алдын алу мәдениетін қалыптастыруымыз керек», – деп атап өтті.

Сонымен қатар «Парыз» және «Еңбек жолы» конкурстарына үміткерлерді ұсыну мәселесі де талқыланып, Бердіғали Өмірәлі кеңес мүшелеріне байқауға лайықты үміткерлерді ұсыну бойынша нақты тапсырмалар берді.

Кеңес соңында қатысушылар пікір алмасып, алдағы жұмыс барысын жетілдіруге бағытталған ұсыныстарын ортаға салды.