Ел рухын тербеткен тағылымды кеш

Қарағанды қаласы, Әлихан Бөкейхан ауданының жүрегінде орын тепкен Жаңа Майқұдық Мәдениет үйінде №14 мектеп-гимназия ұжымы тарихи терең мазмұнға толы, рухани әлемге сәуле түсірген ерекше мәдени кеш ұйымдастырды.

«Ел тұтастығын аңсаған Бұқар» атты мюзикл-спектакль – ата-аналар мен шәкірттердің, ұстаздар мен өнер жанашырларының ортақ еңбегінен туған көркем дүние. Бұл қойылым – көрерменді тек әсерге бөлеумен ғана шектелмей, өткеннен тағылым алып, болашаққа бағыт сілтейтін рухани сабақ болды.

Сахна төрінде ұлттың ұлы рухын асқақтатқан Бұқар жыраудың өнегелі сөзі, ел бірлігі мен тәуелсіздігін арқау еткен ойлы үні жаңғырып, көрерменнің көкірегіне сәуле құйды. Халықтың жүрегінен орын алған дана жыраудың асыл мұрасы сахналық тілмен шебер өріліп, жас буынның жадында жаңғырды. Бұл — жас ұрпақтың бойына ұлттық рух пен тарихи сананы сіңіруге бағытталған аса құнды еңбек.

Шара соңында Әлихан Бөкейхан атындағы аудандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Хасенова М.Ж. мен Қалалық білім бөлімінің басшысы Әшім Е.М. шығармашылық ұжымды марапаттап, алғыс пен ризашылықтарын білдірді.

Ұлт руханиятына нәр берер осындай мазмұнды да мәнді шаралар жалғасын тауып, жас ұрпақтың жүрегіне үміт отын жағары анық.