Ақ халатты абзал жандарға алғыс

Медицина қызметкерлері күні – бұл адам жанына араша түсіп, кәсіби шеберлігімен, жүрек жылуы мен мейірімін аямай, өмір үшін күресіп жүрген ақ халатты абзал жандарға көрсетілетін шексіз алғыс пен терең құрметтің айшықты мерекесі.

Осы айтулы күнге орай, «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен салтанатты жиын өтті.

Шара барысында «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек медицина саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың ел игілігі жолындағы өлшеусіз еңбегін ерекше атап өтті.

Салтанатты жиын кезінде «SENIM» кәсіподақ ұйымының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Қобланбек Оналбековпен бірге Жарқынбек Құрманбек денсаулық сақтау саласында үздік нәтижелер көрсетіп жүрген бірқатар қызметкерге алғыс білдіріп, бағалы сыйлықтар табыстады.

Денсаулық сақтау саласының нағыз майталмандары – сіздердің еңбектеріңіз әрдайым жоғары бағалануға лайық. Еліміздің амандығы, халқымыздың саулығы – сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің нәтижесі!