Қаһарман қыздың 100 жылдығы: Ақтөбеде Әлия Молдағұловаға арналған шара өтті

Ақтөбе облысында Кеңес одағының батыры, Екінші дүниежүзілік соғыста ерлігімен ел есінде қалған қазақтың қаһарман қызы — Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына орай ауқымды іс-шара өтті. Батырдың туған жері Қобда ауданына еліміздің әр өңірінен және шетелдерден арнайы қонақтар жиналды.Шараға Ақтөбе облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев пен Салалық кәсіподақтардың төрағалары да қатысты.


Әлия Молдағұлованың есімі қазақстандықтар үшін ұлт рухының, патриотизм мен ерліктің символына айналған. Ұлы Отан соғысында 78 жау әскерін жойған мерген қыз небәрі 18 жасында ерлікпен қаза тауып, Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Оның батырлығы туралы әндер, поэмалар мен өлеңдер жазылып, бұрынғы Кеңес Одағына қарасты көптеген қалалардағы көшелер мен білім мекемелері оның есімімен аталады.


Ақтөбе қаласы мен Қобда ауданында өткен «Әлия – қаһармандық дастаны» атты мерекелік іс-шаралар легі аясында бірқатар тағылымды мәдени және патриоттық бағыттағы бағдарламалар ұйымдастырылды.


Қонақтар алдымен батырдың туған жері Бұлақ ауылында орналасқан Әлия Молдағұлованың ескерткіш-мүсініне гүл шоқтарын қойып, музей-үйімен танысты.
Қобда ауылында өткен негізгі ресми шара театрландырылған көріністермен ашылып, 80-ге жуық киіз үй тігіліп, ұлттық нақышта безендірілген этноауылға айналды. Мерекеге жиналған көпшілік үшін ұлттық спорт түрлерінен қазақ күресі, теңге алу, сондай-ақ көпшілік асыға күткен ат бәйгесі ұйымдастырылып, үлкен қызығушылық тудырды. Сонымен қатар, Әлия ауылындағы батыр ескерткішіне тағзым етіліп, гүл шоқтары қойылды. Қонақтар «Әлия» облыстық патриоттық тәрбие беру орталығына арнайы экскурсия жасап, жас ұрпаққа арналған тәрбиелік жобалармен танысты.

Әлия Молдағұлова – ерлік пен өрліктің, қайсарлық пен батырлықтың айнымас бейнесі. Оның қысқа ғұмырында жасаған ұлы ерлігі – келешек ұрпаққа мәңгілік өнеге. Жүз жылдық аясында өткен бұл шаралар ұлт рухын көтеріп, жастарға отансүйгіштік пен елжандылықтың үлгісін көрсетті.