Қоғамдық қабылдаулар жалғасуда

Жуырда «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев Сайрам аудандық орталық ауруханасында қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға медициналық мекеменің кәсіподақ мүшелері қатысып, өздерінің еңбек қатынастары, әлеуметтік кепілдіктер, еңбек құқықтарының сақталуы және кәсіподақ мүшелігіне байланысты көкейде жүрген сұрақтарын қойды.

Қоғамдық қабылдау барысында Айдар Бахтыбаев қатысушыларға еңбек заңнамасындағы соңғы өзгерістер мен кәсіподақтардың негізгі міндеттері туралы жан-жақты түсіндірме берді. Ол кәсіподақ ұйымдарының жұмысшылардың құқықтарын қорғаудағы рөліне ерекше тоқталып, ұжымдық шарттардың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, сала қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы қарым-қатынасты реттеу мәселелері де талқыланды.

Кездесу соңында қатысушылар кәсіподақ тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларға ризашылықтарын білдіріп, мұндай ашық форматтағы кездесулердің жиі өткізіліп тұруын сұрады. Өз кезегінде Айдар Бахтыбаев кәсіподақ мүшелерінің ұсыныс-пікірлерін ескеретінін айтып, туындаған мәселелер бойынша тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді.