Дүйсенбі күні, 23 маусымда, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Халықаралық еңбек ұйымының Қазақстандағы жаңа Ұлттық үйлестірушісі Дәулет Арғындықовпен кездесті. Кездесу ҚРКФ алаңында өтті.
ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Дәулет Арғындықовты ХЕҰ жүйесіндегі жауапты қызметке тағайындалуымен құттықтап, Халықаралық еңбек ұйымымен серіктестіктің ілгерілей дамып келе жатқанын атап өтті.
«Кәсіподақтар федерациясы мен Халықаралық еңбек ұйымы арасында жемісті әрі сындарлы ынтымақтастық дамуда. Сізді Ұлттық үйлестіруші қызметіне тағайындауыңызбен бұл ынтымақтастық одан әрі нығая түседі деп сенемін. Біз әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, Женевада өткен Халықаралық еңбек конференциясының 112-ші сессиясында қол қойылған Лайықты еңбек жөніндегі жол картасын жүзеге асыру үстіндеміз. Әлеуметтік әріптестікті одан әрі дамытудың маңызды қырлары, қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету, еңбек көші-қоны мәселелері қамтылатын Лайықты еңбек жөніндегі елдік бағдарламаны қабылдау өзекті мәселе болып қалуда. ХЕК-ның 113-сессиясында біз өтпелі экономикасы бар елдер үшін бірқатар бастамаларды, соның ішінде Қазақстанда Орталық Азия кәсіподақтарына арналған Аймақтық инновациялар орталығын құруды ұсындық. ХЕҰ-ның 102, 131, 176, 190 конвенцияларын ратификациялауды ілгерілету бойынша да алда ауқымды жұмыс тұр. 2030 жылға дейінгі ҚРКФ қызметі стратегиясының жобасында басты бағыттардың бірі халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту болмақ», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Өз кезегінде ХЕҰ Ұлттық үйлестірушісі Дәулет Арғындықов ҚР Кәсіподақтар федерациясымен әрі қарай ынтымақтастықты дамытуға бейілділігін атап өтті.
«Ынтымақтастыққа ХЕҰ Бас директоры Жильбер Унгбоның Қазақстанға алғашқы сапары, сондай-ақ өткен жылы Женевада қол қойылған Лайықты еңбек жөніндегі жол картасы ерекше серпін берді. ХЕК-ның 113-сессиясының қорытындысында Қазақстанның әлеуметтік-еңбек саясатындағы ілгерілеуі атап өтілді. Лайықты еңбек қағидаттарын одан әрі ілгерілету үшін халықаралық стандарттарды ұлттық заңнамаға енгізудің маңызы зор және бұл жұмыста біз үшін кәсіподақтардың мүдделерін және олардың үдеріске қатысуын ескеру маңызды. Жалпы алғанда, кәсіподақтар – сенімді әріптестер және ХЕҰ мен ҚРКФ арасындағы қарым-қатынас жақсы орнатылған», – деді Дәулет Арғындықов.
Айта кетерлігі, Қазақстанның әлеуметтік-еңбек қатынастары жүйесінде ХЕҰ-ның жаңа Ұлттық үйлестірушісі екінші онжылдықта қызмет етіп келеді. Дәулет Арғындықов Халықаралық еңбек ұйымындағы жауапты қызметке тағайындалғанға дейін Қазақстанда Еңбек ресурстарын дамыту орталығын басқарған болатын.
ҚРКФ мен ХЕҰ арасындағы алдағы өзара іс-қимыл жоспарларына келсек, ҚРКФ төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмагелдиева Қарағанды мен Павлодарда ХЕҰ/АКТРАВ сарапшыларының қатысуымен көмір өнеркәсібі қызметкерлеріне арналған ХЕҰ-мен бірлескен жобаны жүзеге асыру бойынша өткізілетін семинарлар туралы мәлімдеді.
Кездесу соңында тараптар климаттық өзгерістерді, еңбек саласына цифрлық технологияларды енгізуді және басқа да өзекті мәселелерді ескере отырып, әділетті көшу қағидаттарын ілгерілету бойынша бірлескен жүйелі жұмысты жалғастыруға уағдаласты.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы