Абай облысында мемлекеттік қызметшілерге құрмет көрсетілді

Абай облысында кәсіби мереке — Мемлекеттік қызметшілер күні кең көлемде аталып өтті. Осы атаулы күн аясында «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Абай облыстық филиалы мемлекеттік мекемелердің ұжымдарымен арнайы кездесулер ұйымдастырды.

Облыстық филиал төрағасы Дариға Абайқызы бірқатар мемлекеттік мекемелерге барып, мемлекеттік қызмет саласында абыроймен еңбек етіп жүрген мамандарды кәсіби мерекемен құттықтады. Кездесулер барысында мемлекеттік қызметтің қоғам дамуындағы орны мен маңызы, сонымен қатар сала қызметкерлерінің адал еңбегі мен жауапкершілігі туралы айтылды.

Салтанатты шаралар барысында мемлекеттік қызмет саласында табандылықпен, жауапкершілікпен қызмет етіп жүрген қызметкерлерге «Құрмет грамоталары» табысталды. Сонымен қатар, естелік сыйлықтар мен гүл шоқтары ұсынылып, олардың атқарған еңбектеріне алғыс білдірілді.

Аталған марапаттар — кәсіби шеберлік пен адал еңбекті мойындаудың айғағы. Бұл марапаттар мемлекеттік қызметшілердің өз ісіне деген сүйіспеншілігін арттырып, жұмысқа деген ынтасын одан әрі күшейтетіні сөзсіз.

Мемлекеттік қызмет — бұл халық пен билік арасындағы алтын көпір. Бұл салада еңбек ету – тек кәсіби дағдыны ғана емес, сонымен қатар елге, қоғамға деген адалдықты талап етеді. Мемлекеттік қызметшінің әрбір шешімі мен іс-әрекеті халықтың әл-ауқатына, ел дамуының тұрақтылығына тікелей әсер етеді.